Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов еліміздегі газ саласындағы проблемаларды дереу шешуді тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазіргі таңда газ өндіру көлемі артып келеді. Биыл 60,5 млрд текше метр газ өндіру жоспарланып отыр. Ол өткен жылмен салыстырғанда 2,3%-ға жоғары.
Сонымен қатар тұрғындардың тарапынан да газ тұтыну көлемі өсіп келеді. Елді мекендерді газдандыру белсенді жүріп жатыр. Жаңа өнеркәсіп объектілері іске қосылып жатыр. Сондықтан газ тапшылығына жол бермеу маңызды. Қуат көздерін арттыру үшін инфрақұрылымды жаңғыртуды және газды барлау мен қайта өңдеуге инвестициялар тартуды жеделдету қажет, - деді Олжас Бектенов.
Қазіргі уақытта Қашаған кен орнының шикізат базасында катарлық инвестор UCC Holding компаниясымен бірлесіп, газ өңдеу зауыттарын салу жұмыстары жүріп жатыр.
Сондай-ақ таяуда Орталық Өріктау, Батыс Прорва және Қаламқас газ жобалары іске қосылады деп күтіліп отыр.
Инфрақұрылымды дамыту шеңберінде бірқатар магистральдық газ құбырлары салынып, жөндеуден өтті. Бүгін ғана «ҚазМұнайГаз» және итальяндық «Eni» компаниясы Жаңаөзенде газ, күн және жел энергиясымен жұмыс істейтін алғашқы гибридті электр станциясын салуға кірісті. Бұл бағыттағы жұмысты белсенді түрде жалғастыру қажет. Үкіметке азаматтардан газбен жабдықтау мәселесіне қатысты көптеген арыз-шағымдар келіп түсіп жатыр, - деп айтты Үкімет басшысы отырыста.
Бектенов, тиісті мекемелер бірінші кезекте, халыққа сапалы қызмет көрсетуге жұмылдырылуы қажет екенін атап өтті.
Туындаған проблемаларды дереу шешу керек. Алматы өңірінің газға деген қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін «Алматы-Байсерке-Талғар» газ құбырының екінші желісінің жобасы іске асырылып жатыр. Алайда, газ құбырының қорғау аймағында жекеменшік құрылыстардың болуына байланысты жерлерді алу қажеттігі туындап отыр. Алматы облысы мен Алматы қаласының әкімдіктеріне бұл жұмысты жедел жүргізуді тапсырамын, - деді Премьер-министр.
Еске сала кетейік, осыған дейін Энергетика министрі биыл неше газ құбыры жөнделетіні туралы айтты. Биыл Ресей, Түркіменстан және Өзбекстан газын Қазақстан арқылы тасымалдау артады. Алмасадам Сәтқалиев газдың бағасы туралы да айтты.