Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Деректерді қате енгізу: Жетім бала тұрғын үй кезегінен шығып қалған

Бөлісу:
 Бауыржан ЖУАСБАЕВ  - архив
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ - архив

Абай облысында тұрғын үй кезегінен шығып қалған жетім баланың құқықтары қалпына келтірілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Абай облысында деректерді базаға енгізу кезінде жіберілген қателік салдарынан жетім бала тұрғын үй кезегінен шығып қалған. 

Абай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығының кәмелетке толмаған тәрбиеленушісі К.-ның мүддесін қорғау мақсатында берілген, жоғалған мәліметтерді қалпына келтіру және тұрғын үй кезегіне қою туралы талап арызын қарады. 

Жетім бала тұрғын үйге мұқтаж азаматтар тізімінде тұрған. Алайда Абай облысындағы әкімшілік-аумақтық өзгерістерге байланысты жаңадан құрылған облыста тұрғын үй кезегіндегі тізімдер қалыптастырылған кезде оның деректері жоғалған. 

Абай облысы Жаңасемей ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мен Семей қаласының тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мамандары өз қызметтеріне немқұрайлы қарауы салдарынан жетім баланың құқықтары бұзылғаны анықталды. Сот талап арызды қанағаттандырып, лауазымды тұлғалардың әрекеттерін заңсыз деп таныды және «Отбасы Банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкін «orken.otbasybank.kz» ақпараттық жүйесінде К.-ны 2016 жылдан бастап тұрғын үй есебіне қою туралы жоғалған мәліметтерді қалпына келтіріп, қайта енгізуге міндеттеді, - деп хабарлады Абай соттарының баспасөз қызметі.

Сот шешімі заңды күшіне енді. 

Шешім заңды күшіне енгеннен кейін бір ай ішінде Банк К.-ны «Жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санаты бойынша тұрғын үйге мұқтаждар кезегіне қайта қойды. Уәкілетті органдар тарапынан жіберілген қателіктің салдарынан бұзылған жетім баланың құқықтары сот арқылы толық көлемде қалпына келтірілді, - делінген хабарламада.

Өзгелердің жаңалығы