Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Депутаты заңсыз лотерея мен жалған курстарға қарсы шараларды күшейтуді талап етті

24 Қыркүйек 2025, 18:13
430
Бөлісу:
 parlam.kz
VIDEO
Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Премьер-министр Олжас Бектеновке заңсыз лотереялар мен білім беру курстары түрінде жасырынатын онлайн-алаяқтық схемаларға қарсы күресті күшейту жөнінде депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Депутаттың айтуынша, осы бағытта қабылданған заң нормаларына қарамастан, әсіресе жастар арасында қаржылық алаяқтық көбейіп келеді.

Алаяқтар коммерциялық ұйымдарға тауар немесе қызмет сатуды ынталандыру мақсатында ұтыс ойындарын өткізуге мүмкіндік беретін заңдағы олқылықтарды пайдаланып отыр. Осыны инфлюенсерлер онлайн-курстардың атын жамылып, лотерея ретінде өткізіп жүр, – деді Бейсенбаев.

Мысал ретінде ол Ерболат Жанабыловқа қатысты істі келтірді. Жанабылов 10 автокөлік пен өзге де бағалы сыйлықтарды ұтысқа қойған. Акцияға қатысу ақылы болып, азаматтар «оқыту курсы» деген желеумен 30 мың теңге төлеуі тиіс болған. Алдын ала дерек бойынша, 6 мыңнан астам билет сатылып, ұйымдастырушылар 180 млн теңгеден астам қаржы жинаған.

Бейсенбаевтың сөзінше, қазіргі заңнамада уәкілетті органдардың мұндай заңсыз лотереялардан түскен кірісті есептеуге құқығы жоқ, бұл олардың мүлкін тәркілеуге кедергі келтіреді.

Осыған байланысты депутат бірнеше ұсыныс айтты:

• ҚР Қылмыстық кодексінің 214-бабында көзделген кіріс шегін төмендету арқылы заңсыз лотерея ұйымдастырушыларына қарсы қылмыстық іс қозғауды жеңілдету;
• Алаяқтықпен айналысып, жауапкершілікке тартылғандардың иемденген қаржысы туралы мәліметтерді бірыңғай желіде жариялау;
• Азаматтар онлайн-мектептер мен оқу орталықтарының беделі мен біліктілігін тексере алуы үшін ашықтық тетіктерін әзірлеу;
• Әкімшілік құқықбұзушылықтан кіріс тапқан блогерлердің табысы туралы деректерді Мемтуризм және спорт министрлігіне Мемлекеттік кірістер комитеті арқылы ұсынуды міндеттеу.

Псевдоблогерлердің алаяқтық әрекеттерін әшкерелеуде қоғамның ашық сыны құптарлық. Алайда мемлекет бұл мәселені жүйелі түрде шешуі тиіс, – деді депутат.

Өзгелердің жаңалығы