Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды.
Бұған дейін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасын Парламент Мәжілісі 27 қазанда бірінші оқылымда мақұлдаған болатын.
Заң жобасының негізгі мақсаты - Қазақстан Республикасының заңнамасын «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасының ережелеріне сәйкес келтіру.
Заң жобасын екінші оқылымға дайындау кезінде депутаттар, жұмыс тобы және бас комитет заң жобасының ережелеріне бірқатар өзгеріс енгізуді ұсынды. Айталық, жануарларға қатыгездікпен қарағаны үшін жаза түрлерін қатаңдату жөніндегі мәселені реттеу мақсатында Қылмыстық-процестік кодексіне тиісті түзетулер енгізілді, - деді Милютин.Республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарына жануарларды ұстауды ұйымдастыру бойынша құзырет беру үшін «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңға тиісті толықтырулар енгізілді.
Қолданыстағы заңнамада біркелкі терминологияны пайдалану мақсатында «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекске, «Ветеринария туралы» және «Мемлекеттік мүлік туралы» заңдарға түзетулер енгізілді.
Жұмыс тобының отырыстарында талқылау барысында заң жобасы нормаларының бір бөлігі нақтыланып, редакция тұрғысынан жақсартылды, түзетулер заң техникасының және нормашығармашылық тәжірибе қағидаларына сәйкес келтірілді.
Парламент Мәжілісінің комитеттері осы заң жобасы бойынша оң қорытындыларын ұсынды.
Заң жобасының таныстырылымы өткізілді. Заң жобасы бойынша келіп түскен барлық ұсыныс мүдделі министрліктер, ведомстволар мен қоғамдық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының 7 отырысында және комитеттің екі кеңейтілген отырысында жан-жақты қаралып, талқыланды. Қорытынды салыстырма кестеде барлық түзетулер қабылданды, - деп атап өтті депутат Мәжілісте.
Айтылғандарды ескере отырып, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, Парламент Сенатының қарауына жіберуді ұсынды.