Депутаттар Үкіметке жыл сайын болатын су тасқынына қатысты сауал жолдады

14 Сәуір 2021, 11:09
1947
Бөлісу:
Депутаттар Үкіметке жыл сайын болатын су тасқынына қатысты сауал жолдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында депутат Жамбыл Ахметбеков «Қазақстан Халық партиясы» атынан Премьер-министрдің орынбасары Роман Склярға депутаттық сауалды жолдады.

Жыл сайын болатын су тасқыны қаншама азаматымыздың өмірі мен мүлкіне қауіп төндіруде. Тасқынмен күреске бөлінетін қаржы көлемі де жылдан-жылға өсу үстінде. Егер «2017-2020 жылдарға арналған су тасқыны қатерінің алдын алу және жою жөніндегі шаралар кешені» Жол картасына 42 млрд теңге бөлінсе, 2020-2023 жылдарға арналған осыған ұқсас Жол картасына бөлінген қаржы 160 млрд теңгеге жетті. Осыдан келіп сұрақ туындайды, нәтиже қайда? - деді ол.
Ол атағандай, Төтенше жағдайлар министрлігі алдымен жағдайдың тұрақты екенін және су тасқынына дайын екенімізді мәлімдейді, ал көктемде еліміздің жүздеген елді мекені су астында қалады.

Тасқын су тұрғын үйлерге, аулалар мен көшелерге құйылады, автомобиль жолдарын су басып, инфрақұрылымдар бұзылады, тұрғындар қауіпті ауданнан шұғыл көшіріледі... Міне, жағдай жыл сайын осылай қайталана береді. Соңғы бес жылдың өзінде Қазақстанда 272 елді мекенді су басты, бұл 6,5 мыңнан астам үй суға кетті деген сөз. Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары жыл сайын су тасқынының құрбаны болып отыр. Ал кеше еліміздің астанасы – елорда мен оның маңы тасқын судан зардап шекті. Нұр-сұлтан қаласындағы «Есіл» тұрғын үй кешенінің жертөле – көлікжайы суға толды. Төтенше жағдайлар министрлігі елорда іргесіндегі Қоянды кентін су тасқынынан құтқару үшін шұғыл аттануға мәжбүр болды. Біздің партияның өкілдері тасқын судың астында қалған Қараөткел (Ильинка) ауылына барып, ондағы су тасқынының зардаптарын өз көзімізбен көрдік. Жергілікті тұрғындар дәрменсіз күйде, еңбекпен тапқан дүние-мүлкінен айырыламыз ба деп қатты алаңдауда, - деді депутат.
Мәжіліс депутаты елді мекендерді, мал-мүлікті су басып, бүкіл елді су тасқыны жайлаған кезде сусорғымен арпалысқанша, осы апаттың алдын алып, су тасқынын болдырмаудың амалын қарастырған жөн екенін атады.
Үкімет баспасөз қызметінің бізге берген ақпаратына қарайтын болсақ, су тасқынына қарсы іс-шараларының Жол картасы шеңберінде 2017 жылдан 2020 жылға дейін су тасқынына қарсы 402 іс-шара іске асырылыпты. 2021-2023 жылдарға арнап әзірленген жаңа Жол картасында су тасқынына қарсы 200-ден астам іс-шара атқаруды көздеп отыр екен. Алайда құжаттарды егжей-тегжейлі талдаңқырап қарайтын болсақ, екі құжаттың да тиімділігіне сену қиындау, - деді ол.

«Қазақстан Халық партиясының» фракциясы Сізден мына сұрақтарға жауап беруіңізді сұрайды:

1. Осындай жағдайда бағдарлама әкімшілерінің бағдарламалық құжаттарды нақты орындауы және олардың бөлінген бюджет қаражатын игеруі үшін Үкімет қандай шаралар қабылдамақ?

2. 2017-2020 жылдарға арналған Жол картасын орындауға жауапты, бірақ оны орындамаған тұлғалар қандай нақты жауапкершілікке тартылды?

3. Осыған дейінгі атқарылған іс-шаралар жеткіліксіз болса, бұдан былай тұрғын үйлерді, көшелерді су басуға жол бермеу және басқа да төтенше жағдайларды болдырмау үшін, су тасқынына қарсы қауіпсіздікті күшейтуге қандай қосымша шаралар қабылданатын болады?

«Қазақстан Республикасының Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы» Конституциялық заңның 27-бабына сәйкес заңда белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруді сұраймыз, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы