Сенат ТМД елдерінің аумағын минадан тазартуға қатысты заңды қабылдады

7 Қазан 2021, 10:33
8485
Бөлісу:
Сенат ТМД елдерінің аумағын минадан тазартуға қатысты заңды қабылдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенат «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер қарулы күштерінің бірлескен гуманитарлық минасыздандыру инженерлік бөлімшесі туралы келісімді ратификациялау туралы» заңның жобасын қабылдады.

Сенаттың жалпы отырысында Қорғаныс министрінің орынбасары Дарын Тұяқов 2020 жылғы 18 желтоқсанда жасалған «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер қарулы күштерінің бірлескен гуманитарлық минасыздандыру инженерлік бөлімшесі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын таныстырды.

Қорғаныс министрлігінің өкілінің айтуынша, келісімнің мақсаты – гуманитарлық минасыздандыру міндетін орындау үшін бірлескен бөлімше құру, қолдану, оның мәртебесін айқындау.

Сондай-ақ бірлескен бөлімшенің негізгі міндеттері – мина алаңын, объектілерді, минаның жарылу қаупі бар заттың болуына техникалық барлау, оларды минасыздандыру. Одан бөлек, жауынгерлік іс-қимыл болған ауданды минадан, жарылу қаупі бар заттан тазарту, табылған минаны, жарылу қаупі бар затты қатерсіздендіру.

Гуманитарлық минасыздандыру операциясына қатысу үшін ұлттық инженерлік бөлімшені жіберу туралы шешімді жіберуші тарап ұлттық заңнамасына сәйкес қабылдайды.

Келісімде бірлескен бөлемшені ТМД-ға қатыспайтын мемлекет аумағында гуманитарлық минасыздандыру міндетін орындауға тарту мүмкіндігі көзделген, - деді Қорғаныс министрінің орынбасары.

Оның сөзінше, Қазақстан бұл іс-шара тек ТМД қауіпсіздік кеңесінің мандатына сәйкес мүмкін деп санайды. Осыған орай келісімге тиісті ескертпемен қол қойылды.

Заңды қабылдау республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлуді талап етпейді. Сондай-ақ әлеуметтік-құқықтық салдарға әкелмейді.

Өзгелердің жаңалығы