Депутаттар шаруалардың тағы бір мәселесін көтерді

15 Мамыр 2024, 16:53
385
Бөлісу:
Депутаттар шаруалардың тағы бір мәселесін көтерді
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ - архив

Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов шаруалардың проблемасын көтеріп, оны шешу жолын ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәжілісмен бұл мәселеге қатысты депутаттық сауалын Үкімет басшысына жолдады.

Ол депутаттарға Ауыл шаруашылығы министрлігі қабылдаған Ережелермен келіспейтінін білдірген еліміздің 100-ден астам фермерінің ұжымдық арызы келіп түскенін айтты.

Бүгінгі таңда қолданылатын қағидаларға сәйкес жергілікті техника 30%-дан, ал импорттық техника 15%-дан субсидияланады. Бұл ретте, Ауыл шаруашылығы министрлігі импорттық ауыл шаруашылығы техникасын субсидиялаудың күшін жоюды және оны сатып алуға лизинг мөлшерлемесін 6-дан 15%-ға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Өкінішке қарай, жаңа қағидалар фермерлер мен ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілер арасындағы теңгерімсіздікке алып келеді, - дейді Саурықов.

Депутаттар ауыл шаруашылығын орнықты дамыту мақсатында және Президенттің тапсырмасы шеңберінде шаруалар мен ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілер мүдделерінің тепе-теңдігін сақтау қажет деп санайды.

Мұндай тепе-теңдікті сақтамау нарықтың монополиялануына және ауыл шаруашылығы техникасының одан да қымбаттауына алып келеді. Қымбат техника машина-трактор паркінің жаңару қарқынын төмендетеді, ауыл шаруашылығы өнімін өндіру құнының артуына және оның сыртқы нарықтарда бәсекеге қабілетсіздігіне ықпал етеді, - дейді мәжілісмен.

Депутат мынадай ұсыныстарын жолдады:

1. Ауыл шаруашылығы техникасын құрастыратын әр өндіріс орнына мемлекет тарапынан көрсетілетін барлық қолдау шараларын зерделеуді және нақты кәсіпорында 1 жұмыс орны ел бюджетіне қанша салмақ салатынына баға беруді сұраймыз.

2. Отандық және импорттық ауыл шаруашылығы техникасын инвестициялық субсидиялауда теңдікті сақтау қажет деп есептейміз.

3. Ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға байланысты қолданыстағы лизинг мөлшерлемелерін өзгертлеу қажет деп санаймыз.

Өзгелердің жаңалығы