Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ерлан Саиров қоғамдық бақылау туралы заң жобаларын таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың айтуынша, «Қоғамдық бақылау» жөніндегі және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес дайындалды.
Бұл заң жобалары мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың ашықтық дәрежесін кеңейтіп, азаматтардың қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған. Заң жобалары Палатаның 2022 жылғы 7 желтоқсандағы жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлданды, - деді Саиров.
Заң жобаларымен жұмыс барысында депутаттар келесі жүйелі түзетулер енгізді:
- «Самрұқ-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорында және оның еншілес компанияларында мемлекеттік әлеуметтік және ғылыми-инновациялық жобаларға, бюджет қаражаты есебінен іске асырылатын ұлттық жобаларға қатысты, сондай-ақ Қор қайырымдылық көмек көрсеткен кезде қоғамдық бақылауды жүзеге асыру;
- «Назарбаев интеллектуалдық мектептері» басқа да дербес білім беру ұйымдарын қоғамдық бақылау объектілеріне жатқызу;
- қоғамдық бақылау объектісіне барудан бас тарту негіздерін нақты айқындау;
- азаматтарға петиция беру құқығын тек электрондық нысанда ғана емес, қағаз түрінде де беру;
- петицияны орналастыру үшін қажетті дауыстар санын азайту (150-ден 50-ге дейін);
- мемлекеттік органдардың петицияны қарау мерзімдерін қысқарту (орталық мемлекеттік органдар үшін – 60 күннен бастап 40 күнге дейін және жергілікті атқарушы органдар үшін-20 күнге дейін);
- мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің, сондай-ақ әскери оқу орындары тәрбиеленушілерінің, ұландарының, кадеттері мен курсанттарының өмірімен және тұрмысымен танысу үшін олардың отбасы мүшелеріне әскери бөлімдерге, оқу орындарына бару құқығын беруге.
Сондай-ақ, заң жобасының тақырыбын өзгерту жөнінде түзету енгізілді. Парламент Мәжілісінің барлық комитеттері заң жобалары бойынша оң қорытындылар берді. Жұмыс тобына 180-нен астам ұсыныстар келіп түсті, олардың басым көпшілігі қолдау тапты. Азаматтық қоғам, сарапшылар қауымдастығы өкілдері жұмыс тобында жоғары белсенділік танытты, - деді Ерлан Саиров.
Жұмыс тобының 28 отырысы және комитеттің 2 кеңейтілген отырысы өткізілді.
Заң жобасының ең басты мақсаты - Конституцияға сәйкес азаматтардың мемлекет істерін тікелей басқаруға қатысуына жағдай жасау.
«Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасын екінші оқылымда қабылдау туралы сұрақты және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бақылау, әкімшілік рәсімдерді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңын екінші оқылымда қабылдау туралы ұсынысты дауысқа салып, құжаттарды қабылдады.