Нұр-Сұлтан, BAQ тілшісі. Бүгін Мәжіліс үйінде Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтті.
Отырыста Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин сессия жұмысын қорытындылады."Бүгін біз алтыншы сайланған ҚР Парламентінің төртінші сессиясын аяқтап отырмыз. Бұл дәстүр бойынша атқарылған жұмыстарға есеп беріп, алдағы мақсаттарға назар аударатын маңызды кезең. Әрине, қай қоғамда болса да, қай уақытта болса да заңның орны әрқашан да ерекше. Себебі, заң бар жерде әділдік, бостандық және тыныштық бар. Осы жолда Парламент еліміз үшін, халқымыз үшін көптеген қажетті заңдарды қабылдады. Онда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төртінші сессияның ашылуында берген тапсырмалары мен Қазақстан халқына Жолдауы басшылыққа алынды" , - деді Нұрлан Нығматулин
Мәжіліс төрағасы сессия жұмысы аяқталғанымен, депутаттар өңірлерді аралайтынын айтты.
Атап өтсек, биыл сессия мерзімі 5 шілдеге дейін ұзартылған болатын.
Нұрлан Нығматулиннің мәліметінше, төртінші сессия барысында қос палатаның 5 бірлескен отырысы, Мәжілістің 41 және Сенаттың 46 жалпы отырысы өтті. Онда 319 маңызды мәселе қаралды. Жалпы, төртінші сессия басталған кезден 83 заң жобасы қабылданды. Оның ішінде 82 құжатқа Мемлекет басшысы қол қойып, олар өз күшіне енді. Өткен сессияда Парламентте 20 Үкімет сағаты, үш парламенттік тыңдау, 24 дөңгелек үстел, комитеттердің 29 көшпелі отырысы, 4 халықаралық конференция ұйымдастырылды.