Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында депутаттарға «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа (Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру бөлігінде) өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы қабылдады.
Энергетика министрі Болат Ақшолақов атап өткендей, Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресейдің ұлттық электр энергиясы нарықтарын интеграциялау жолымен қалыптастыру жоспарланып отыр.
Министр бұл міндетті Жоғары экономикалық кеңестің шешімдерімен іске асыру үшін қандай жұмыстар жүргізілгеніне тоқталды.
- 2015 жылғы 8 мамырда Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру Тұжырымдамасы бекітілді;
Тұжырымдама Одақ ортақ электр энергетикалық нарығының мақсаттары мен міндеттерін, оның нысаналы моделін, басқару құрылымдарын, нарық субъектілерінің өзара іс-қимыл тетіктерін, реттеудің нысандары мен әдістерін айқындайды, сондай-ақ нарықты қалыптастыру кезеңдерін қамтиды, - деп атап өтті Болат Ақшолақов.
- 2016 жылғы 26 желтоқсанда Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру бағдарламасы бекітілді;
Бағдарлама ұйымдастырушылық, заңнамалық және технологиялық іс-шаралар кешенін, оның ішінде жедел келісімшарттар бойынша және бір тәулікке алға ортақ нарықта сауданың электрондық жүйесін, ақпарат алмасу жүйесін әзірлеу жөніндегі іс-шараларды қамтиды, сондай-ақ ортақ электр энергетикалық нарықты реттейтін актілер жүйесін дайындауды көздейді.
- 2019 жылғы 29 мамырда Жоғары Кеңес 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттама нысанында Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру туралы халықаралық шартқа қол қойды;
- 2019 жылғы 20 желтоқсанда Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді.
Жоспарда Хаттамада көзделген одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыруға бағытталған қағидаларды бекіту және күшіне енгізу мерзімдері белгіленген. Хаттамамен Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру, оның жұмыс істеу және даму негіздері бойынша нақтылаулар енгізілді, Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығының жұмыс істеу қағидаларымен реттелетін салалар белгіленеді, - деп түсіндірді жаңа министр Мәжілісте.
Ұлттық нарықтардың ерекшеліктерін ескере отырып, тараптар Одақтың ортақ нарығын қалыптастыру кезінде қолданыстағы ұлттық электр энергетикалық нарықтарды, оның ішінде қуат нарықтарын сақтау жөнінде келісімге қол жеткізді.
Хаттаманың II бөлімінің 4-тармағында Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру, оның жұмыс істеуі және дамуы қағидаттары көзделген:
1) тең құқылық, өзара тиімділік және мүше мемлекеттердің кез-келгеніне экономикалық залал келтірмеу негізіндегі ынтымақтастық;
2) электр энергиясын өндірушілер мен тұтынушылардың экономикалық мүдделерінің теңгерімін сақтау;
3) нарықтық қатынастарға және адал бәсекелестікке негізделген тетіктерді басым пайдалану;
4) электр энергетикасы саласындағы табиғи монополиялар субъектілерінің көрсетілетін қызметтеріне кедергісіз қол жеткізуді қамтамасыз ету;
5) мүше мемлекеттердің қатар жұмыс істейтін электр энергетикалық жүйелері негізінде Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын кезең-кезеңімен қалыптастыру және дамыту;
6) мүше мемлекеттердің энергетикалық қауіпсіздігін ескере отырып, мүше мемлекеттер субъектілері арасында электр энергиясының саудасын жүзеге асыру.
Одақтың ортақ нарығын қалыптастыру мүше мемлекеттердің шаруашылық жүргізуші субъектілеріне жасалған шарттар шеңберінде өзара электр энергиясы саудасын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ электр энергиясын нақты жеткізудің жоспарлы мәндерден сағаттық ауытқуларын реттеу үшін тетік құру көзделеді, бұл келісілген кестелерді сақтау үшін жауапкершілікті арттырады. Электр энергиясы нарығын құрудың әсері өндіруші және беруші қуаттарды пайдалану тиімділігін арттырудан, электр энергиясының өзара және сыртқы саудасы көлемінің өсуінен көрінеді. Сондай-ақ, энергия өндіруші ұйымдар арасында бәсекелестік артады деп болжанып отыр, - дейді Энергетика министрі Болат Ақшолақов.
Министрдің сөзінше, қазіргі уақытта қатысушы елдер Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығының жұмыс істеу қағидаларын әзірлеу және келісу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.
Бүгінгі күні хаттаманы Қазақстаннан басқа барлық мүше мемлекеттер ратификациялады. Заң жобасын қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және өзге де салдарға әкеп соқтырмайды, мемлекеттік бюджеттен қосымша шығыстарды талап етпейді.