Депутаттар бала күтіміне және көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақыны көбейтуді ұсынды

24 Қараша 2021, 16:06
2486
Бөлісу:
Депутаттар бала күтіміне және көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақыны көбейтуді ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаты Ерлан Смайлов бала күтіміне және көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақыны көбейтуді ұсынды.

Осы мәселеге қатысты ҚХП депутаттары Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа сауал жолдады.

Оның сөзінше, азық-түлік өнімі, коммуналдық қызмет тарифі бағасының тұрақты өсуі мен жалпы өмір сүру құнының қымбаттауы жағдайында мүгедектігі бар адамдарға, бала тууына байланысты демалыста отырған аналарға, көпбалалы отбасыларға, зейнеткерлерге және халықтың басқа да тобынан шыққан миллиондаған қазақстандықтарға мемлекеттік жәрдемақы мен зейнетақы көлемінің артуы аса маңызды мәселе.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың шешімі бойынша 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы қазіргі 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге немесе 41%-ға өседі. Алайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектігі бар адамдардың, бір жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты үйінде отырған аналардың, көпбалалы отбасылардың жәрдемақысын, сонымен қатар ең төменгі зейнетақыны ұлғайту мәселесін қарастырып жатқан жоқ, - дейді депутат.
Айтуынша, 2022-2024 жылдарға арналған бюджет жобасында министрлік әлеуметтік жәрдемақының барлық түрін 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап 5%-ға арттыруды жоспарлап отыр. Бірақ бұл көлем инфляцияның статистикалық өсімі түгілі, азық-түлік пен киімнің, түрлі қызметтер мен тариф бағасының шығынын жаппайды.

Смайлов атағандай, мүгедектік бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының мөлшері: 1 топ – 69 155 теңге (1,92 АЕК); 2 топ – 55 108 теңге (1,53 АЕК); 3 топ – 37 459 теңге (1,04 АЕК) құрайды.

Бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне ай сайын төленетін жәрдемақы: бірінші балаға – 17 643 теңге (5,76 АЕК), екінші балаға – 20 860 теңге (6,81 АЕК), үшінші балаға – 24 045 теңге (7,85 АЕК), төртінші және одан көп балаға – 27 261 теңге (8,90 АЕК);

Бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақы: 1,2,3 бала туғанда – 116 394 теңге (38 АЕК), 4 және одан көп бала туғанда -192 969 теңге (63 АЕК);

Көпбалалы отбасыға тағайындалатын жәрдемақы мөлшері: 4 баласы бар отбасыға – 49 100 теңге (16,03 АЕК); 5 баласы бар отбасыға – 61 383 теңге (20,04 АЕК); 6 баласы бар отбасыға – 73 666 теңге (24,05 АЕК); 7 баласы бар отбасыға – 85 948 теңге (28,06 АЕК); 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға әр балаға 12 252 теңге (4 АЕК).

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қазақстандықтардың мүддесіне сай келмейтін ұстанымда болуы алаңдатады. Халықты қорғап, Үкімет пен Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері алдында мәселе қоюдың орнына министрлік бюджет қаражатының тапшылығына сілтеме жасайды. Салалық министрлік халықты қорғау жолындағы өз миссиясының идеологиясы мен түсінігін әлдеқашан жоғалтқан республикалық ұйымға айналды. Оның атауын «бюджетті халықтан қорғау министрлігі» деп өзгерту қажет деп санаймыз. Мемлекеттік органның міндетіне атүсті қарауы еңбек саласына да әсерін тигізді, - дейді Мәжіліс депутаты.

Ерлан Смайловтың айтуынша, мемлекеттік бюджет шексіз емес, алайда ұтымды жоспарлау мен пайдалану арқылы оның мүмкіндігін айтарлықтай кеңейтуге болады. Бұл туралы жыл сайын Есеп комитеті жүздеген миллиард қаражат тиімсіз жоспарланатыны және пайдаланылатыны туралы қорытынды береді.

Мысалы, 2020 жылы мұндай қаржының көлемі 570 млрд теңгені құрады. Бұған ауыл шаруашылығы саласын субсидиялау кезінде миллиардтаған, тіпті триллиондаған қаржының жымқырылуы дәлел. Үкімет ел экономикасын дамытып, бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін ел азаматтарына инвестиция салуға тиіс. Өкінішке қарай, Үкімет те, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі де бұл бастаманы іс жүзінде түсінуге және жүзеге асыруға қабілетті емес. Бұл болашақта елдің бәсекеге қабілеттілігіне тәуекел туғызады, - деп толықтырды депутат Мәжілісте.

Осыған байланысты «Қазақстан Халық партиясы» депутаттық фракциясы өз ұсыныстарын жеткізді:

  1. Үкіметке 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап мүгедектігі бар адамдардың, бала күтімі бойынша үйде отырған әйелдердің, көпбалалы отбасылардың жәрдемақысы мен басқа да мемлекеттік арнайы жәрдемақы мөлшерін ең төменгі жалақы деңгейіне дейін арттыруды;
  2. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне өз міндеттерін еске алып, ел азаматтарының әлеуметтік жағдайы мен еңбек жолындағы проблемалық мәселелерін қорғау және шешу бойынша белсенді ұстанымға ие болуды ұсынады.
  3. Біз тағы да баланың өмірлік, физиологиялық жағдайына, білім алуына, әлеуметтік ахуалына, мәдени және спорттық қажеттілігіне жауап беретін балалар тұтыну қоржынын әзірлеуді және енгізу бастамасына назар аударамыз.
  4. Мүгедектігі бар адамдарды, ана мен баланы, зейнеткерлерді, жас отбасыларды қорғауға және қолдауға бағытталған барлық қолдау шараларының нәтижелілігіне ревизия, талдау және бағалау жүргізу қажеттігін алға тартамыз.
  5. Бюджет қаражатын игеруге және басшылар мен орындаушылардың дербес жауапкершілігіне байланыстыра отырып, мемлекеттік органдардың қызметін бағалаудың сапалық индикаторларын әзірлеу қажет деп санаймыз. Нәтижесінде Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі, Білім және ғылым министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі қызметінің жемісі елдегі теңсіздікті төмендету, өмір мен денсаулық сапасын жақсарту, қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайын дұрыстау сынды факторлармен өлшенетін болады.
Өзгелердің жаңалығы