Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәжіліс депутаттары Айдос Сарым, Айгүл Құспан және Жұлдыз Сүлейменова Алматы қаласына жұмыс сапары барысында қаңтар айындағы оқиғалар кезінде зардап шеккен кәсіпкерлермен кездесті.
Мәжілістің баспасөз қызметінің хабарлауынша, депутаттар залалды өтеу бойынша төлемдер мен өтемақыны жеделдетудің өзекті мәселелерін талқылады.
Осындай мародерлердің шабуылына ұшыраған кәсіпорындардың бірі «DasAutoServise» ЖШС. Автосервис иесі Кирил Нагиев 6 жыл бойы ғимаратты жалға алып, автомобильдерді жөндеумен және автобөлшектерді сатумен айналысады.
Біздің автосервисімізде клиенттердің 9-ға жуық көлігі болды, барлығы өртенді. Олар да тексеруден өтіп, залалды өтеуге өтініш береді. Біз шығын сомасын тек 40 млн теңгеге дәлелдей алдық, өтінім қазір мақұлдау кезеңінде. Барлық құжаттар мен диагностикалық жабдықтардың да жанып кеткенінің салдарынан дәлелдей алмағанымыз қаншама, - деді Кирил Нагиев.
Жаппай тәртіпсіздік кезінде автокөліктерге қызмет көрсету орталығында болған көлік иелерінің өтініштері электрондық платформада жеке тіркеліп, қаралуда. Сонымен қатар жаппай тәртіпсіздік барысында 2 автокөлік ұрланған.
Ал ғимараттың өзіне қазіргі уақытта қолданыстағы параметрлерді сақтай отырып, қайта құруға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.
Бұл жағдайдың күрделілігі неде, мұнда иесі біреу, бірақ бір бизнес аясында 10-нан астам қосалқы жалға алушы жұмыс істейді. Бұл кейс бойынша бізде түсіністік бар, - деді депутат Айдос Сарым.
Депутаттар осы аталған мәселелерды бақылауда ұстап, қалалық қызметтердің жұмысын жеделдетуге ықпал ететіндерін айтты.