Бұл туралы сенатор Әли Бектаев Сенаттың жалпы отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сондай-ақ депутат жылыжай шаруашылығымен айналысатын фермерлер коммуналдық тарифтердің қымбаттығына, отынмен қамтамасыз етудегі үзілістерге және мемлекеттік қолдау деңгейінің төмендігіне тап болғанына тоқталды. Сенатордың Түркістан облысы Сарыағаш ауданы тұрғындарымен кездесуі кезіндегі жұртшылықтың айтылған өтініштері түрткі осы сауалға болған.
Бүгінгі таңда республикамызда барлығы 1 265 га жылыжайлардың 844 га Түркістан облысында орналасқан. Оларда жыл сайын 91 мың тонна көкөніс өндіріліп ел тұрғындарын қамтамасыз етіп отыр. Жылыжайларда барлығы 12 мыңнан астам шаруа қожалықтары еңбек етуде. Түркістан облысында өндірілетін өнімнің 66% Сарыағаш ауданында өседі. Ол ауданның жалпы ішкі өнімінің 30% құрайды. Бүгінде жылыжай өндірісі өңір ауылшаруашылығының негізін құрайтын, халықты сапалы көкөніспен қамтамасыз етіп отырған, сырттан келетін импорттық өнімдерге төтеп бере алатын салаға айналып келе жатыр. Сондықтан бұл саланы қолдау – еліміздің ішкі нарығын және азық-түлік қауіпсіздігін қолдау, - деді сенатор Әли Бектаев Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында.
Айтуынша, осы саланың дамуына теріс әсер ететін негізгі фактор – коммуналдық қызметтердің жоғары құны болып табылатыны және осыған байланысты импорттық көкөністердің бағасы төмен, яғни сатып алушылар үшін тартымды екенін атап өтті. Сонымен қатар, қысқы жағдайда жылыжай шаруашылықтарының әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, оларға да қосымша көмір бөлу қажет.
Сенатор қазіргі таңда жылыжай өндірісінің бағасына, сапасына және көлеміне іс жүзінде әсер етпейтін жылыжай өндірісін мемлекеттік қолдауды күшейту қажеттігі туралы да айтты.
Әсіресе өздері ұрық шығарып, көшет өсіріп, оларды егіп, өнім алып жатқан жылыжайларды мемлекеттік қолдау өте маңызды. Сондықтан ұрыққа, көшетке, коммуналдық шығындарды төмендетуге арналған қосымша қаржы тетіктері қаралу керек. Жылыжаймен айналысатын тауар өндірушілерді жеңілдетілген несиелермен қамтамасыз ету де аса маңызды. Жылыжай өндірісін қолдау және дамытуға қатысты проблемаларды Үкімет деңгейінде арнайы қарап, кешенді шешімдер қабылдау қажет деп есептейміз, - деді депутат.