Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы арнасынан адасып аққан судың салдарынан өмір бойы жиған-терген дүниесінен, үйінен, мал-мүлкінен, қара шаңырағынан қапыда айырылған ағайынның өтінішін айтып, Үкімет басшысы сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құзырлы мекемелер, яғни әкімдіктер, Төтенше жағдайлар министрлігі, Су ресурстары министрлігі бірлесіп жұмыс жасамайды. Жауапкершілік алудан қашады. Жұмысты бір-біріне сілтеп отырады. Жағдай осылай жалғасатын болса, тиісті қызметкерлерді лауазымынан босату қажет деп айтқан болатын.
Шынымен, жұмысына салғырт қараған мемлекеттік қызметкерлердің ешқайсысының лауазымына, тегіне қарамастан жазаға тарту керек. Бұл Президенттің және елдің нақты талабы. Аптаның аяғында қарғын судан қатты зардап шеккен Атырау облысындағы Құлсары қаласы мен Батыс Қазақстан облысына аяқтай бардық. Құлсарыда 2 800 үй су астында қалған. Батыс Қазақстан облысындағы ахуал да көңіл көншітпейді, қазірдің өзінде 1 226 үйді, 1 905 саяжайды су басып қалған. 162 үй қирап қалды. Ендігі қатер Жайық өзенінен. Жайықтың көрші елдегі ең жоғарғы деңгейі 11,87 метр болды, енді сол су біздің елге қарай жөңкілеп келеді, - дейді Нартай Аралбайұлы.
Оның сөзінше, батысқа болысқан елдің көмегін, жанұшырып барып бөгетті бекітуге тырысқан жандарды көргенде қазақтың бірлігін ешкімнің ешқашан бүлдіре алмайтынына көз жетеді.
Әлеуметтік желіге бір видеоны жүктедім, көрген шығарсыздар. Елмен кездесуге барсақ, анамыздың үш кішкентай баласымен бірге құмды қапқа салып жатқанын көрдік. "Неге қапшық көтеріп жүрсіз балалармен, ауыр ғой" - деген сөзімізге: "Әкеміз вахтаға кетті, бізге "елге көмектесіңдер" деді" деп жауап берді. Бұл біз көп айтатын бірлік деген сөздің нағыз көрінісі болды, - деп айтты мәжілісмен.
Нартай Аралбайұлы атап өткендей, су басқан өңірлердегі басты мәселенің бірі өтемақы, ол халыққа жедел және әділетті, толық көлемде төленуі тиіс. Комиссиялар су кеткенін күтпей қазірден бастап үйлерге жүзіп барып аралық акт жасауы шарт. Бұл өңірдегі басты мәселе.
Осы тұста қазіргі су тасқынының бетін қайтаруы тиіс болған бөгеттер мен бөгендердің салынбауы, каналдардың ретке келтірілмеуі жылдар бойғы салғырттықтың салдары екенін мойындағысы келмейді кейбір күштер. Қазақстандағы су қоймалары мен бөгеттер 50-70 жылдары салынған. 1990 жылдан ол жерлер жөндеу көрмеген. Жаңа су қоймалары салынбаған. Биылғы тасқынның алдын алу неге мүмкін болмады деген сұрақ туады. Оған себеп ғылымға жағдайдың жасалмауы. Салдарынан 90-шы жылдардың тоқырауында мыңдаған ғалым саланы тастап кетуге мәжбүр болған. Ал жаңа, сауатты мамандарды дайындайтын білдей білім ордасының сөрелерін шаң басып, назардан тыс қалған, - дейді ол.
Аралбайұлы атағандай, осы олқылықтың орнын толтыру үшін биыл Мемлекет басшысы Тараздағы гидромелиоративтік-құрылыс институтын қайта қалпына келтіру жөнінде шешім қабылдады.
Кейбір күштер жалған ақпараттың жарға жығатынын білсе де, ағайынды арандату үшін барын салып әлек. Мұны ақпарттық соғыс десе де болады. Бірақ қазақтың бірлікті бірінші орынға қоятынын және ұлтының қамын құлқынының қамынан артық қойғандарды ұмытпайтынын білу керек олар, - деп айтты депутат Нартай Аралбайұлы.