Депутат жолаушылар пойызының жаңа бағытын ашуды ұсынды

2 Наурыз 2022, 13:22
1112
Бөлісу:
Депутат жолаушылар пойызының жаңа бағытын ашуды ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Депутат Фахриддин Қаратаев Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдады. 

Депутаттық сауалға 2014 жылдан бері іске асырылып келе жатқан «Мәңгілік ел жастары - индустрияға!» – Серпін-2050 әлеуметтік жобасын іске асыру мақсатында халықтың оңтүстік өңірінен жұмыс күші тапшы солтүстік өңірге қоныс аудару кезінде тікелей теміржолдың болмауына байланысты қатынау, көшу туралы мәселе себеп болып отырғанын айтты.

Оның сөзінше, ата жұртқа оралған қандастар көшін солтүстікке бұру, еліміздегі жұмыс күші артық өңірлер тұрғындарының ерікті қоныс аудару, «Серпін» мемлекеттік бағдарламасы бойынша оңтүстік өңірлердің жастарын оқуға жіберу сияқты игі істер атқарылып жатыр. Бұл бағдарлама өңірлердің ынтымақтастығын, тұрғындардың өзара қарым-қатынасын күшейтіп, халқымыздың бірлігін нығайтуға да оң ықпалын тигізіп отырғаны анық.

Бәрімізге мәлім, қазақстандықтардың басым бөлігі теміржол тасымалы қызметін пайдаланады. Оның себебі – пойыз қауіпсіз көлік, маршрутының ыңғайлы болуы және билет құнының қолжетімділігі. Дегенмен шешімін таппай отырған мәселе – ол солтүстіктегі Қостанай, Павлодар өңіріне қоныс аударып жатқан халықтың қатынауы өте қиын, әсіресе, көшкен жастардың ата-аналары, қарттары, балаларымен, жүктерімен жүру қиынға соғып жатыр. Мысалы, халық Түркістан облысынан Қостанай аумағына дейін қатынау үшін Алматы, Қарағанды немесе Нұр-Сұлтан қалалары арқылы пойыздардың уақыттары бір-біріне сәйкес келмей, жарты күн, тіпті кейде бір күн күтуге тура келеді. Кейбірі такси жалдап баруға мәжбүр, - дейді депутат.

Қаратаевтың айтуынша, бұл – өзекті мәселе.

Ол атаған мәселелерге байланысты «Серпін» бағдарламасының тиімділігін арттыру мақсатында Қызылорда – Түркістан – Шымкент – Жамбыл – Қостанай бағытындағы жолаушылар пойызының ашылуына ықпал етуді ұсынды.

Өзгелердің жаңалығы