Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке депутаттық сауал жолдап, елдегі су саласындағы мамандардың жалақысын көтеруді ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың сөзінше, бүгінгі таңда республикалық меншіктегі су шаруашылығы инфрақұрылымының тозуы 60%-дан асып кеткен.
Сонымен қатар жалақының төмен болуына байланысты білікті кадрлар саладан кетіп жатыр. Оған қоса суды тиімсіз пайдаланғандықтан үлкен шығын болып жатыр.
Су шаруашылығы саласындағы негізгі компания «Қазсушардың» балансында 6 мыңға жуық гидротехникалық құрылым бар. «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны - табиғи монополиялар субъектісі, - деді Дайрабаев.
Ол Президенттің тапсырмасы қалай жүзеге асырылып жатқанын сұрады.
- Бүгінгі күні қандай жұмыс атқарылғаны және қандай жұмыс жүргізіліп жатқаны туралы;
- Су шаруашылығы инфрақұрылымының тозуын азайту, су шығындарын азайту;
- Білікті қызметкерлердің жалақысын қайта қарау;
- Суды автоматтандыру және есепке алу, суды нормативтен тыс тұтыну үшін жоғары тариф енгізу жөнінде Су кодексінде толықтырулар мен өзгерістер енгізу қажет.
Жигули Дайрабаев осы айтылған ұсыныстарға байланысты министрліктен нақты ұстанымын анықтап, жауап беруді сұрады.