Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға депутаттық сауал жолдап, балалар мен жасөспірімдердің ақпараттық қауіпсіздігін күшейту, сондай-ақ әлеуметтік желілердің әсерін заңнамалық деңгейде реттеу мәселесін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат сауалында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың V отырысында айтқан сөзін негізге алады. Президент сол жиында қазіргі қазақстандық патриотизмнің негізгі қағидаттарын – жауапкершілік, еңбекқорлық, заңға құрмет және дәстүрлі құндылықтарды қорғау деп атап, қоғамға жат мінез-құлық үлгілерін күштеп таңуға жол беруге болмайтынын ерекше атап өткен болатын.
Ерлан Саиров бұл ұстанымдар бүгінгі ақпараттық және цифрлық кеңістікте болып жатқан үдерістермен тікелей байланысты екенін айтады. Оның сөзінше, мемлекет тарапынан қазірдің өзінде белгілі бір шаралар қабылданып жатыр: заңсыз контент бұғатталады, балаларды зиянды ақпараттан қорғау тетіктері жұмыс істейді, интернет-платформалармен өзара іс-қимыл жүргізілуде. Алайда цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы бұл бағыттағы саясатты жүйелі түрде жетілдіруді талап етеді.
Депутаттың айтуынша, мәселе тек контентке ғана тіреліп тұрған жоқ. Ең бастысы – өсіп келе жатқан ұрпақтың санасы қалай қалыптасып жатқаны. Бүгінде балалардың дүниетанымы мен құндылықтары көбіне әлеуметтік желілер арқылы, көп жағдайда ешқандай бақылаусыз қалыптасуда. Әлеуметтік желілер енді жай ғана қарым-қатынас құралы емес, жасөспірімдердің ойлау жүйесіне, мінез-құлқына, моральдық бағдарларына және өз еліне деген көзқарасына тікелей әсер ететін ортаға айналды.
Егер мемлекет тәрбиелемесе – көшенің тәрбиелейтіні» туралы сөз бар. Ал бүгінгі таңда сол «көшенің» орнын алгоритмдер басып отыр, – дейді депутат.
Оның пікірінше, егер қоғамдық кеңістікте цинизм, агрессия және кез келген беделді жоққа шығару белең алса, онда жастардан жауапкершілік, жасампаздық пен заңға құрмет күтудің өзі қиын.
Сондықтан Ерлан Саиров цифрлық кеңістік мәселесі енді тек мәдениет немесе ақпарат саласының ғана емес, идеологияның, тіпті ұлттық қауіпсіздіктің мәселесіне айналғанын атап өтеді.
Депутат әріптесі Сергей Пономаревтің Ұлттық құрылтайда балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануды шектеу жөніндегі халықаралық тәжірибеге назар аударғанын еске салды. Атап айтқанда, бірқатар елдерде 14–16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерге еркін кіруіне шектеу қойылып жатыр.
Еуропа елдерінде бұл бағытта нақты қадамдар жасалған. Мысалы, Францияда 2023 жылдан бастап 15 жасқа дейінгі балалар үшін «цифрлық кәмелет» туралы заң күшіне енді.
2024 жылы Норвегия мен Испанияда әлеуметтік желілерді өз бетінше пайдалану жасы тиісінше 15 және 16 жасқа дейін көтерілді.
Ал 2025 жылдың қарашасында Еуропарламент бүкіл Еуроодақ бойынша платформаларға өздігінен кірудің ең төменгі жасын 16 жас деп белгілеу туралы резолюция қабылдады.
Осыған байланысты Ерлан Саиров Президент қойған міндеттерді іске асыру аясында Мәдениет және ақпарат министрінен бірнеше мәселе бойынша түсініктеме беруді сұрады. Атап айтқанда:
- Балалар мен жасөспірімдердің ақпараттық қауіпсіздігін қорғау саласында бытыраңқы техникалық шешімдерден тұтас мемлекеттік саясатқа көшу бағытында қандай шаралар қабылданып жатыр?
- Мәдениет және ақпарат, Оқу-ағарту, Цифрлық даму және жасанды интеллект және басқа да мемлекеттік органдардың цифрлық кеңістікте ортақ құндылықтарды ілгерілету бағытындағы жұмысын үйлестіру тетіктері қарастырыла ма?
- Кәмелетке толмағандардың әлеуметтік желілерге қолжетімділігін заңнамалық тұрғыда шектеу мүмкіндігі бар ма?