Депутат ядролық медицина саласындағы проблемаларды айтты

15 Желтоқсан 2022, 15:48
1062
Бөлісу:
Депутат ядролық медицина саласындағы проблемаларды айтты

Бұл туралы депутат Айнұр Арғынбекова Сенаттың жалпы отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.  

Сенатор онкологиялық қызметті жаңғыртудың өзекті мәселелері туралы депутаттық сауалын еліміздің Премьер-Министріне жолдады. Онда радиация қауіпсіздігін бақылаудың сапасыздығы, заңнамадағы олқылықтар салдарынан ядролық медицина орталықтарын салу мен оларды пайдалануда проблемалар туындағаны атап көрсетілген.

Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті және Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тарапынан жобалау, мемлекеттік сараптамадан өту, құрылыс, пайдалануға беру, пайдаланудан шығару сатысындағы ядролық медицина нысандарын салуға байланысты жобаларға ешқандай бақылау жүргізілмейді. Атом қадағалау комитеті нысан пайдалануға тапсырылғаннан кейін ғана жұмыс істеуге лицензия береді. Осылайша, жобалау немесе құрылыс қателерін барлық құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін ғана анықтауға болады. Ал оларды түзету ұзақ уақыт пен үлкен қаржы шығындарын талап етеді, - деді Айнұр Арғынбекова.

Сенатор бұл проблемалардың радиация қауіпсіздігі талаптарының сақталмауына әкеліп соғатынын және соның салдарынан науқастар мен қызметкерлердің ғана емес, жалпы халықтың денсаулығына зиян келу қаупі бар екенін де атап өтті.

GMP талаптары мен МАГАТЭ ұсынымдарын ескере отырып, иондаушы сәулелену көздерін пайдаланатын денсаулық сақтау объектілерін, сондай-ақ фармацевтикалық өндіріс объектілерін жобалау және салу жөніндегі «Ережелер жинағын» әзірлеу және бекіту қажет. Ядролық медицина объектілерін салу жөніндегі барлық жобаларға елдегі радиациялық қауіпсіздікке байланысты кез келген қызметтке лицензия беруші ретінде Атом және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің міндетті салалық қорытындысы қажет, - деді сенатор.

Өзгелердің жаңалығы