Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай Ұлттық құрылтай отырысына қатысты ойын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі
Ұлттық құрылтайдың мен үшін ғана емес, саналы Қазақстан азаматы үшін мән-мағынасы терең. Өйткені өткен тарихи жолымызға қарасаңыз, ата-бабаларымыз Ұлттық құрылтай жариялап, төрт құбыласын түгендеп, ақыл-ойдың иелері басын қосып, небір келелі кеңестер, маңызды шешімдер осы Ұлттық құрылтайда қабылданған. Мемлекет басшысының құрылтайды өткізу бастамасы - бүгін шығк салған идея емес, - деді депутат.
Аманжол Әлтай Ұлытаудағы, Түркістандағы, Атыраудағы басқосуда да руханият, мәдениет салаларындағы келелі мәселелер көтерілгенін айтты. Бұл мәселелер жай ғана қозғалмай, ол бойынша тиісті заңдар қабылданды.
Аманжол Әлтай биыл Ұлттық құрылтайға алғаш рет мүше болып отыр.
Құрылтайға келген адам жай келмеуі керек. Өзінің ішкі ұсыныстарын, жүрегіне түйген ұлттың пайдасына тиеді деген келелі ойларын түйіп келуі қажет. Мен де қоғамға пайдасы болады деген ақыл-ойымды, ұсыныстарымды алып келіп отырмын, - деді депутат.
Ол қандай ұсыныс екенін айтты.
Руханият саласының өкілімін. Сондықтан ұсынатын ұсыныстарым, ойларым осының төңірегінде болады. Бірінші кезекте ауылдық жерлердегі құлазып бара жатқаг мәдениет ошақтарының күйі. 90-жылдары абыржыған кезеңде ауылдағы мәдени инфрақұрылымдарымыздан айырылып қалдық. Кеңес үкіметі кезеңінде қалыптасқан ауылдардағы қаншама мәдени үйлері, ошақтары бұзылып қалды. Бүгінде ауылдың еңсесін көтеру үшін оның экономикалық, әлеуметтік жағдайын ғана емес, ауылдың рухани, мәдени келбетін көтеруге күш салуымыз керек. Біздің ғылымдағы, өнердегі, руханияттағы алыптарымыздың бәрі қаладан шығып жатқан жоқ қой, олар ауылдан шыққан алыптар. Ал енді ұлттың генофонына айналған тұлғалардың алтын бесігі, алтын ұясы – ауылдың мәдени әлеуетін көтеруіміз керек, - деп айтты Әлтай.
Бұған дейін биылғы Ұлттық құрылтайда қандай мәселе көтерілетіні жайлы хабарладық. Ұлттық құрылтай өткізуге Бурабай дайын.