Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Депутат Үкіметке: Халықтың жағдайы қиындаса, қандай көмек көрсетіледі?

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
9 Сәуір 2025, 13:00
598
Бөлісу:
 Мәжіліс Баспасөз қызметі
Фото: Мәжіліс Баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге сұрақ қойып, өзекті мәселе көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ұсынылып отырған Салық кодексінің жобасы жүзеге асатын болса, онда бюджетке 4-5 трлн теңге қаражат түседі деп болжап отырсыздар. Негізі мұнда салмақ, ауыртпашылық қарапайым халық пен шағын және орта бизнеске түседі. Ірі кәсіпкерлік субъектілері бұдан ешқандай ауыртпашылық көрмейді. Жалпы заң жобасында сіздер жер қойнауын пайдаланушыларға, темеке бұйымдарын шығаратындарға, банктерге жеңілдіктер қаарстырып отырсыздар, - деді депутат.

Атап өткенде, егер банктер экономиканың нақты секторын қаржыландыратын болса, онда 20 пайыз корпоративтік салық қойған. 

Темекі бұйымдарына қазір 11 130 теңге акциз болса, оны 36 пайызға төмендетіп жібергенсіздер. Ал енді банктерге не үшін ондай жеңілдік бересіздер? Банктер 20-25 пайызбен қалай қаржыландырды, солай қаржыландырып отыр. Егер 10 пайызға қаржыландыратын болса, онда жеңілдік қарастыруға болады. ҚҚС салығын көтеруден бюджетке қанша нақты қаражат түседі? Халықтың жағдайы қиын болғанда оларға қандай көмек көрсетіледі? – деп сұрады ол.

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қосылған құн салығын 16 пайызға дейін көбейтсек, 2,8 трлн теңге түсетінін атап өтті. Салықтық жеңілдіктерді азайтсақ, 1,3 трлн теңге түседі. 

Осал топтарға цифрлық карта арқылы көмек көрсетеміз. Керек болса, инфляцияға бүкіл зейнетақыны көбейтеміз. Біздің міндетіміз бар, ол Бюджеттік кодексте жазылған. Ешқандай банкке, темекі шығаратын компанияға арнайы көмек беріп отырған жоқпыз. Біз бизнеске көмектесіп отырмыз. Банктер – әрбір салықты төлейтін ең жақсы нарықтық бизнес субъектілері. Сол себепті банктер туралы жаман айта алмаймыз. 20 пайыз қалдырғанымыздың себебі нақты секторды қаржыландыру үшін банкті ынталандырып отырмыз. Қаражатты нақты секторға бұру үшін тұтыну секторына 25 пайыз жасадық, - дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы