Депутат Түркістанда ішімдікке тыйым салуды ұсынды, ал халық не дейді?

Депутат Түркістанда ішімдікке тыйым салуды ұсынды, ал халық не дейді?

Түркістанға ерекше мәртебе беру заң жобасын қарау барысында мәжіліс депутаты Ардақ Назаров ішімдікке тиым салу туралы ұсыныс айтқан болатын. Содан бері бұл тақырып төңірегінде біраз пікір айтылып, қоғам талқысына түсті. Ал Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов 2018 жылдан бері бұл мәселені көтеріп, бүгінде нақты шаралар жүзеге асып жатқанын айтады. Сонымен Түркістан ішімдіксіз қалаға айналуы мүмкін бе? Бұл тақырыпты BAQ.KZ тілшісі зерттеп көрді.

Депутат Түркістанда ішімдікке тыйым салуды ұсынды, ал халық не дейді?

Түркістанды шарапсыз қалаға айналдыру туралы ұсынысты облыс статусын иемденген жылдан бері ақсақалдар алқасы көтеріп келеді. Содан бері үгіт-насихат шараларын жүргіздік. Парламентке дейін хат жаздық. Бүгінде Түркістандағы той-жиындардың көпшілігі ішімдіксіз өтеді. Арақ-шараптан бас тартқан дүкендер де көп. Ал кейбір тойханалар халалға айналды. Сондықтан бұл бастама нәтижесіз қалмайды. Біз де аянып қалмаймыз, себебі, Түркістан екінші мекке саналады. Тарих үшін де, ұрпақ үшін де маңызы зор, киелі шаһар. Сондықтан бұл бастама міндетті түрде жүзеге асуы тиіс, - дейді, ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов.

Депутат Түркістанда ішімдікке тыйым салуды ұсынды, ал халық не дейді?

Ал Түркістандық асаба Ердәулет Сағындық бұл бастаманың толық жүзеге асатынына күмәнмен қарайды. Оның айтуынша, «халал той» дегеннің өзі 100 пайыз халал өтпейді екен.

Мен Түркістан мен Кентау арасында асаба болып жұмыс істеймін. Халал тойларды да, ішімдік қойылатын тойларды да жүргіземін. Бірақ кейде «ішімдік қойылмайды» деп бастаған тойлардың өзінде ішімдікті жасырып әкелетін жағдайлар жиі кездеседі. Шәйнекке немесе сусынның ыдысына құйып әкелетіндер бар. Тіпті, ішімдік қойылмаған тойда да, тойхананың жанындағы дүкендерден сатып алып ішетіндер кездеседі. Сондықтан, Түркістанның 100 пайыз ішімдіксіз қалаға айналатынына қазір сенбеймін. Бәлкім, бұл үшін әлі 5-6 жылдай уақыт қажет болар, - дейді Ердәулет Сағындық.

Ал Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев бизнес өкілдерінің мүдделерін де ескеру қажеттігін атап өтті. Ол Түркістанның тек рухани-мәдени тұрғыда ғана емес, сондай-ақ, туристік бағытта да маңызды қала ретінде дамып келе жатқанын айтады.

Депутат Түркістанда ішімдікке тыйым салуды ұсынды, ал халық не дейді?

Түркістан тек рухани-мәдени тұрғыда ғана емес, туристік бағыттағы қала ретінде де таңдалды. Қонақүйлердің саны үш жыл бұрын 30 болса, қазір 68-ге жетті. Алдағы 5 жылда Түркістан қаласында туристік мақсатқа арналған 13 жоба жүзеге асырылады. Оған 145 миллиард теңге жеке инвестиция салынатын болады. Бұл жобалар қаланың туристік әлеуетін дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және сервистік қызметтерді заманауи үлгіге көшіруге мүмкіндік береді. Қажет инфрақұрылым да жасалуда, – деді Бейсен Тәжібаев.

Сонымен қатар, ол бұл мәселе бизнес қауымдастық өкілдері тарапынан әртүрлі пікір тудырып жатқанын атап өтті.

Бұл мәселе бизнес қауымдастық өкілдері тарапынан түрлі көзқарастарды туындатып отыр. Сондықтан инвесторлардың да, бизнестің де мүддесін ескеру қажет. Жалпы ұсыныстар мен пікірлер орынды. Заң жобасы қабылданып, күшіне енген соң заң нормалары аясында қарастыру қажет, – дейді Бейсен Тәжібаев

Дей тұрғанмен, Түркістан облысында «Арақсыз ауыл» жобасы қарқынды жүзеге асуда. Мәселен, Түркістан облысы дін істері басқармасының мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда 11 ауданның ішінде 47 ауыл ішімдіктен бас тартқан. Бір ғана Сайрам ауданында 12 елді-мекен арақ-шарап сатуды тыйған. 

Ал 2025 жылдың соңына дейін Түркістан облысындағы имамдар мен қоғам белсенділері ішімдіктің таралуына қарсы шаралар ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Бұл шаралар «Арақсыз ауыл» жобасын әрі қарай дамытуға және ішімдікке қарсы күресте аймақтың нәтижелерін еселеуге мүмкіндік береді дейді белсенділер.

Қорыта келгенде, Түркістандағы ішімдіктен бас тарту бастамасы қоғамның рухани жаңғыруына, жастардың тәрбиесіне және жалпы аймақтың әлеуметтік әл-ауқатына оң әсер етіп жатқанын көрсетеді. Алайда бұл өзгерістің бизнес пен туристік салаға қалай әсер ететіні сараланып, алдағы уақытта өз шешімін табар.

Ал сіздің ойыңызша, Түркістан ішімдіксіз қалаға айналуы мүмкін бе?

Ғалия Бисейіт.

Бөлісу:

Фото: BAQ.KZ