Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Лұқбек Тумашинов көршілес мемлекеттердің су объектілерін ортақ пайдалану мәселесін көтерді. Ол бұл тақырыптың тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірі үшін де өзекті екенін атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Депутат соңғы жылдары су ресурстарының азаюы, өзен арналарының ластануы және су тасқынынан кейінгі экологиялық жағдай қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызып отырғанына назар аударды.
Лұқбек Тумашинов өз сауалында Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Тимур Сұлтанғазиевке, сондай-ақ Сыртқы істер және Экология және табиғи ресурстар министрліктерінің өкілдеріне жүгініп, нақты сұрақтар қойды.
Көршілес елдермен су объектілерін әрі қарай тиімді және әділ пайдалану үшін қандай шаралар атқарылып жатыр? Сондай-ақ су тасқынынан кейінгі сулардың сапасын тексеру жұмыстары қалай жүргізілуде?, - деп сұрады депутат.
Ол су ресурстарын басқаруда аймақтық деңгейде өзара тиімді ынтымақтастықты күшейтудің маңыздылығын атап өтті.
Мәжіліс депутатының пікірінше, бұл мәселе стратегиялық тұрғыдан маңызды және экологиялық қауіпсіздік пен халықтың денсаулығына тікелей әсер етеді.