Депутат соңғы қоңырауды 31 мамырдан басқа күнге ауыстыруды ұсынды

18 Қаңтар 2023, 12:04
5916
Бөлісу:
Депутат соңғы қоңырауды 31 мамырдан басқа күнге ауыстыруды ұсынды

Депутат соңғы қоңырауды 31 мамырдан басқа күнге ауыстыруды ұсынды. Бұл турады Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Зұлматты жылдар қасіретін жадымызда сақтап, сабақ алу үшін 31 мамыр – ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып белгіленді. Тоталитарлық жүйенің қанды қасабына іліккен миллиондаған жандардың қасіретті тағдырына ойлана қарап, аяулы есімдерін ардақтай еске алып, шын көңілімізбен лайықты құрмет көрсете алмай келеміз, - деді депутат.

Аманжол Әлтай атап өткендей, шындықты мойындау керек, осы күні алаш арыстарының рухына жасап жүрген құрметіміз олардың ескерткіштері мен мемориалдық орындарға гүл шоғын қою, сол жерлерде бірер парақ сөз оқудан аспай тұр. Елдің ел болуы үшін ғазиз бастарын бәйгеге тіккен арыстар мен қолдан жасалған зұлматтың аранына жұтылған жазықсыз бауырларымыздың әруақтары алдында осындай шаралармен шектелуіміз ұят деудің өзі аз, бұл – елдігімізге сын болып тұрған жағдай.

Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 12-тамыздағы № 363 бұйрығына сәйкес, орта білім беретін мектептердегі соңғы қоңырау 36 оқу аптасының соңы 31 мамыр болып бекітіліп отыр. Бұл шешімнің бейіт басында той жасағандай әсер етіп тұрғанын айтпасақ болмайды. Бұл министрлікте осыны уақытында аңғарып, дер кезінде бұл бұйрықта оңтайлы шешім ұсынуға түсінігі жететін бір адамның табылмағаны ма шынымен?! Қайран боздақтардың рухына бір күнді де қимай, апыл-ғұпыл аза тұтқансып, іле-шала той тойлап, думандатып кете беретін болсақ, елдігіміз қайсы?! Адамшылығымыз қайсы?! – деді ол.

Аманжол Әлтай осы себептен мектептердегі соңғы қоңырау күнін 30 мамырға не болмаса 1 маусымға ауыстыру керегін айтты. Сөзінше, бұл – ешқандай талқылауды қажет етпейтін әділетті талап.

Ең болмаса, 31 мамыр күні әлеуметтік желілердегі елдің бірлігін бүлдіретін, қоғамның діңгегін шірітетін  адамдардың бір-бірін қаралау, ғайбаттау, жала жабу, өсектеу, қарғау секілді теріс әдеттерден тиылуға шақырамын. 31 мамыр - азаттық үшін арпалысып өткен, мемлекет құру жолында мерт болған, ұлт үшін атылған, ұрпақ бақыты үшін азап шеккен асыл бабалар алдындағы парызымызды сезінетін, алаш аманатына адал болуға құлшынатын күн. Сонымен бірге ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні деп белгіленген 31-мамырға байланысты Үкімет осы күннің мән-маңызына, салмағына лайықты шараларды іске асыруға тиіс деп есептеймін, - деп сауалын толықтырды депутат Мәжілісте.

Сонымен қатар «Жалпы халықтық үнсіз еске алу минуты» шарасы дәстүрлі өтуі керек. Сол сәтте ел бойынша бүкіл қозғалыс тоқтап, бір минуттық үнсіздік арқылы саяси қуғын-сүргін құрбандары мен ашаршылық құрбандарын еске алу қажет.

Онымен қоса, телеарналарда әзіл-қалжың, шоу бағдарламалар, эстрадалық концерттер тоқтатылып, оның орнына ел тарихындағы қасіретті күндерді жас ұрпақтың жетік түсінуіне жол ашатын мазмұнды бағдарламалар көрсетілуге тиіс.

Ақпараттық құралдарда атаулы күннің тарихи салмағын, тағылымдық мағынасын жан-жақты жеткізетін мақалалар орын алу керек. Балабақшалар мен мектептерде, жоғарғы оқу орындарында балалар мен жастарға арнаулы дәрістер, пікірлесу сағаттары, зиялы қауым және тарихшылармен кездесу кештері өткізуді жолға қою қажет, - деп айтты ол.

Өзгелердің жаңалығы