Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Депутат шетелдік компаниялардың құжаттарын мемлекеттік архивке тапсыруды міндеттеуді ұсынды

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
17 Қыркүйек 2025, 16:38
524
Бөлісу:
 Ғазиз ШАКИРОВ  - архив
Фото: Ғазиз ШАКИРОВ - архив

Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескендіров Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықовқа еліміздің өндіріс саласында жұмыс істейтін шетелдік компаниялардың құжаттарын мемлекеттік архивтерге тапсыру мәселесіне қатысты сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың айтуынша, бүгінде өндіріс саласында жүздеген мың қазақстандық азаматтар шетелдік жеке компанияларда еңбек етіп жатыр. Алайда бұл компаниялар құрылымын жиі өзгертеді, кейде тіпті банкротқа ұшырап, өз қызметін тоқтатып жатады. Осындай жағдайда олардың құжаттарының болашағы беймәлім күйде қалады.

Сіз өз баяндамаңызда компаниялар құжаттарын мемлекеттік архивке тапсыру құқығы бар екенін айттыңыз. Бірақ іс жүзінде бұл мәселені ешкім қарап жатқан жоқ. Сондықтан мұндай компанияларды, тіпті ақылы негізде болса да, архивке құжат тапсыруға міндеттеу қажет деп есептеймін. Осыған көзқарасыңыз қандай? – деді депутат.

Вице-министр Айбек Сыдықов бұл мәселе қолданыстағы заңнамада қарастырылғанын атап өтті.

Қазіргі заңнамаға сәйкес, мемлекеттік те, жекеменшік те ұйымдар белгілі бір тәртіппен құжаттарын мемлекеттік архивке тапсыруға немесе өз ішкі архивтерінде сақтауға міндетті. Егер осы мәселеге қатысты қосымша ұсыныстарыңыз болса, біз оларды заң жобасының екінші оқылымына дейін қарастыруға дайынбыз, – деп жауап берді министрлік өкілі.

Өзгелердің жаңалығы