Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров "Қазпоштаның" аймақтардағы бөлімшелері жабылып жатқанына алаңдап, Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ауыл халқының өмір сүру сапасын арттыру басты міндет екендігін атап өтті.
Көптеген шекаралас ауылдық елді мекендерде әлі күнге дейін ұялы байланыс, Интернет және пошта желілерінің жоқтығы құпия емес. Осы аймақтарға зейнетақы жеткізіп, күнделікті түрде бұқаралық ақпарат құралдарын жеткізіп отыратын кәсіпорын "Қазпошта". Ол алыс ауыл-аймақтағы азаматтарға банкінің рөлін атқарып, зейнетақы жеткізіп, ақпарат құралдарын тарататын "өмір жолы", - дейді депутат.
Айтуынша, 2017 жылы белгіленген тарифтер "Қазпоштаның" шығындарын өтемейді. Қызметтің өзіндік құны 247,67 теңгені құрайды, ал мерзімді басылымдарды ауылдық жерлерге жеткізудің бекітілген тарифі – 17,6 теңге. 2022 жылдың қорытындысы бойынша шығындар 12,1 млрд теңгені, ал 2023 жылдың қорытындысы бойынша шамамен 12,3 млрд теңгені құраған, ал субсидиялар қажетті 8 млрд теңгенің 2,05 млрд теңгесін ғана жабады.
Жылдан жылға ауылдық елді мекендерде мемлекеттік көмектің азаюына байланысты Қазпошта бөлімшелері жабылып жатыр. 2022 жылы 33 филиал жабылған, ал 2023 жылы 13 филиал жабылды. Осы үрдісті жалғастыра отырып, 900-ге жуық бөлімше жабылуы мүмкін. Шекаралас елді мекендердегі "Қазпошта" бөлімшелерінің жабылуы мемлекеттің саясаттың осы өңірлерде әлсіреуіне әкелуі Һақ. Ауылдық елді мекендерде газеттер мен журналдардың қолжетімділіктің болмауы, зейнетақы және әлеуметтік төлемдер бойынша қызметтер, сондай-ақ мемлекеттік қызметтер көрсету сияқты күрделі проблемалар болары анық, - деп санайды Ерлан Сайыров.
Депутаттың пікірінше, бүгінгі турбулентті заманда ұлттық қауіпсіздікті саудаға салуға салып, бюджет қаражатын үнемдеуге болмайды.
Шекаралық аудандардағы "Қазпоштаның" қызметі ұлттық қауіпсіздіктің құрамдас бөлігі. Олигархтардың банкілерін еркелетіп, қарапайым халыққа қызмет ететін "Қазпоштаны" алалауды қою керек, - деп айтты мәжілісмен.
Осыған байланысты мерзімді баспасөз басылымдарын, сондай-ақ "Қазпошта" АҚ рентабельді емес тарифтерін жеткізуді субсидиялау мәселесіне назар аударып, келесі мәселелерді шұғыл шешу қажет екенін айтып, мынадай ұсыныстар жасады:
1) "Қазпоштаға" Қолданыстағы тарифтерді ұлғайту арқылы мерзімді баспа басылымдарын жеткізуді субсидиялауды ұлғайтуды көздеу;
2) Ауылдық жерді дамыту бағдарламаларын іске асыру шеңберінде «Қазпоштаға» әкімдіктердің ақшалай қаражатын орналастыру мүмкіндігін қарастыру.
3) Аудандық және ауылдық әкімдіктердің мемлекеттік ғимараттарын салу кезінде қолдау шарасы ретінде пошта бөлімшелерін өтеусіз негізде орналастыруды көздеу.