Депутат елімізде автобустардың тозығы әбден жеткенін айтып, шетелмен салыстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев елімізде автобус паркі ескіргенін айтып, мәселе қашан шешілетінін Көлік министрінен сұрады.
Марат Кәрімжанұлы, «Ауыл» партиясының бір арманы – Қазақстанда туризмді дамыту. Сіз шетелде болып жүрсіз ғой, туризмді көріп жүрсіз. Онда көліктің ықпалы өте жоғары. Екі қабатты автобустар жүреді, комфорт таксилері бар. Біздің Қазақстанға қарасаңыз, автобустардың көбісінің тозығы жеткен. Астана қаласы маңындағы базардағы автобустардың өзіне қарап, соны түсінуге болады. Халықаралық деңгейде жүретін автобустардың тозығы 84%. Облысаралық автобустарда бұл көрсеткіш – 68%. Автобус паркін қалай жаңартасыздар? Екіншіден, өзін-өзі реттеу ұйымдары дамысын. Нотариустардың, адвокаттардың палатасы бар. Бірақ мал шаруашылығында палаталар пайда болғаннан кейін бір мәміле жоқ, жан-жаққа тартып, палатаның бәрінің быт-шыты шықты. Палатаға көзқарасыңыз қандай? – деді депутат.
Көлік министрі Марат Қарабаевтың сөзінше, елімізде екі жыл бұрын мәселені шешетін бағдарлама басталған.
Естеріңізде болса, екі жыл бұрын «Жасыл даму» арқылы үлкен бағдарлама басталды. Соның шеңберінде қалалық қатынастардың арасында 3 мыңға жуық автобус жаңартылды. Нәтижесінде қаладағы автобустың тозу деңгейі 52%-дан 33%-ға дейін төмендеді. Екінші, өзін-өзі реттейтін ұйым құрғанда ол нарықтың 33%-ын игеруі керек деп айттық. Сондықтан үшеу болады деп айттық. Оған біздің көзқарасымыз әрине оңтайлы, - деп түсіндірді ведомство басшысы.