Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков осы мәселеге қатысты депутаттық сауалын Үкімет басшысына жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Олжас Құспековтың сөзінше, қазіргі таңда еліміздегі өзекті мәселелердің бірі – қазақстандықтардың несиеге белшеден батуы болып отыр. Ұлттық банк мәліметтеріне сүйенсек, 1 жылдың ішінде тұтыну кредиттерінің көлемі 28%-ға өсті.
Елдің экономикалық белсенді тұрғындарының 80 пайыздан астамының несиелері бар. Салыстырып қарасақ, АҚШ-та бұл көрсеткіш 20% құрайды. Бір жарым миллион адамның несиелері бойынша мерзімі 90 немесе одан да көп күн өткен. Екінші деңгейлі банктер мен микроқаржылық ұйымдардың құлдық жағдайы халықты қарыз тесігіне итермелеуде. Микроқаржы ұйымдарының қызметі мемлекет тарапынан реттелмейді, ал пайыздық мөлшерлемелер тым жоғары. Соның салдарынан азаматтарымыз коллекторлардың, сот орындаушыларының жұмысына тап болып, банкроттық рәсімінен өтуге мәжбүр, - деді депутат.
Депутат атап өткендей, осы мәселелерді шешуге бағытталған Үкіметтің бастамалары тек қысқа мерзімді нәтиже береді немесе аяқсыз қалып жатыр. Мысалы, былтырғы 4%-дық жеңілдікпен автокредит беру бағдарламасы құмға сіңген судай әсер берді. Бағдарламаға өтініш бергендердің саны 125 мың адамнан асып түсті. Алайда платформа іске қосылған сәттен бастап тек 791 адам ғана 18 секундтың ішінде тіркеліп үлгеріп, бағдарлама ел арасында күлкі мен келемежге айналды.
Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді шешу үшін халықтың қарыз ауыртпалығы мәселесін түбегейлі шешетін ұзақ мерзімді қаржы құралын енгізу қажет. Respublica партиясының фракциясы жеке тұлғаларға арналған лизингті Қазақстан Республикасының азаматтары үшін неғұрлым заманауи қаржылық өнім ретінде енгізуді ұсынады. Тұтынушылық лизинг дамыған елдерде кеңінен қолданылады, - деп айтты Құспеков Мәжілісте.
Қазақстан нарығында бұрын болмаған экономикалық қызметтің жаңа түрін құру материалдық игіліктерге қол жеткізуді жақсарту және қаржылық сауаттылықты арттыру арқылы азаматтардың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар бұл банктік несиеге арзан баламаға көшу есебінен халық арасындағы қарыз деңгейін төмендетеді.
Депутат осыған байланысты жеке тұлғаларға лизингті енгізу үшін Салық кодексіне және «Қаржылық лизинг туралы» заңға тиісті өзгерістер енгізу қажеттігін атап өтті.