Бүгін Мәжіліс отырысында еліміздегі сутегі энергетикасының даму перспективалары менинституционалдық негіздері кеңінен талқыланды. Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин сутегі энергетикасын дамытуда бірқатар маңызды кемшіліктер барын атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, Энергетика министрлігі бекіткен тұжырымдамада бірқатар пилоттық жобалар қарастырылғанымен, оларды жүзеге асыру үшін инфрақұрылым, технология, кадрлық база мен экономикалық есептер жеткіліксіз.
2026-2030 жылдарға жоспарланған жобалар бар. Бірақ оларды жүзеге асыруға еліміздің қазіргі өндірістік әлеуеті дайын емес. Бізде сутегімен жүретін көлік жоқ, инфрақұрылым жоқ, сутегіні тасымалдау, сақтау, пайдалану тетіктері де толық пысықталмаған, – деді депутат.
Сонымен қатар, ол жасыл сутегіні өндіру үшін жасыл энергия (күн, жел) қолданылуы тиіс екенін, алайда қазіргі таңда елімізде техникалық шешімдер мен ғылыми зерттеулердің деңгейі өте төмен екенін атап өтті.
Еділ Жаңбыршин бұл бағытта мынадай нақты қадамдарды ұсынды:
- Сутегі энергетикасы бойынша жүйелі мемлекеттік саясат қалыптастыру;
- Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бұл салаға жетекшілік етіп, үйлестіруші орган болуы тиіс;
- Ғылыми-зерттеу жұмыстарын жандандыру, отандық технологияны дамыту;
- Сала мамандарын даярлау, арнайы оқу бағдарламаларын енгізу;
- Технологияны импорттауға тәуелді болмау үшін локализациялау және бірлескен кәсіпорындар құру;
- Экспорт, тасымал және қауіпсіздікке қатысты нақты жоспарлар әзірлеу;
- Сутегі энергетикасына қатысты заңнамалық база жасау.
Егер біз осы саланы дамытамыз десек, алдымен нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеп, заңнамалық негізін жасауымыз керек, – деді депутат.
Ол сондай-ақ Маңғыстау облысындағы 2 млн тонна жасыл сутегі өндіру жобасын мысалға келтіріп, “бұл өнімнің кімге, қайда, қалай экспортталатыны нақты анықталмаса, жоба жүзеге асқан күннің өзінде елімізге пайда әкелмеуі мүмкін” деген алаңдаушылығын білдірді.
Мәжіліс депутаттары бұл мәселені әрі қарай да тұрақты түрде бақылауда ұстайтынын айтып, сутегі индустриясы Қазақстанның декарбонизация стратегиясының маңызды бағыты екенін атап өтті.