Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров Мемлекет басшысының “Түркістан” басылымына берген сұхбатын талдап, онда көтерілген негізгі тақырыптарға тоқталды. Депутаттың айтуынша, сұқбат Қазақстанның жалпы даму бағыттарын айқындап, стратегиялық мәселелерді қайта көрсетті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ең алдымен, депутат Парламенттік реформаға назар аударды.
Бұл бағыт елдегі саяси жаңғырудың өзегіне айналды. Мемлекет басшысы стратегиялық өзгерістердің ашықтық пен қоғамдық келісімге негізделуі керегін бірнеше рет атап өтті. Саяси реформаларды жалпыхалықтық референдум арқылы бекіту билік институттарына деген сенімді арттыруға, Парламенттің рөлін күшейтуге бағытталған, – деді ол.
Сұқбатта бизнес мәселелеріне де көп тоқталған. Айдарбек Қожаназаровтың пікірінше, кәсіпкерлік орта үшін басты сұраныс – тұрақтылық пен мемлекет тарапынан қорғалуы.
Бұл кәсіпкерлерге нақты сигнал: жауапкершілік екіжақты. Мемлекет әділ ережелерді қамтамасыз етеді, ал бизнес инвестиция салып, экономиканы дамытуға үлес қосуы тиіс, – деді депутат.
Депутат сұхбаттағы негізгі бес тақырыпты бөліп көрсетті:
- Экономика:
- ЖІӨ 6%-дан жоғары өсті, жалпы көлемі $300 млрд-тан асты, жан басына шаққанда $15 мың.
- Негізгі проблема – инфляция. Президент халық табысын қорғау қажеттігін атап өтті.
- Бюджеттік тәртіп күшейеді, өңірлерге бөлінетін қаражат бұрынғыдан да қатаң бақылауда болады.
- Ауыл шаруашылығы:
- Агросала еліміздің негізгі қуатты салаларының бірі.
- Мал шаруашылығына басымдық беріледі, ет экспортын арттыру көзделген.
- Кооперация мен шағын шаруаларды күшейту, субсидияны тиімді пайдалану басты міндет.
- Туризм:
- Сала әлеуеті жоғары, бірақ инфрақұрылым мен басқару әлсіз.
- Экотуризм, тау кластері, Алматының туристік бейнесін дамытуға көңіл бөлінуі тиіс.
- Кадр тапшылығын шешу – негізгі міндет.
- Цифрландыру және жасанды интеллект:
- 2026 жыл – цифрландыру және ЖИ жылы.
- Astana Hub, AI туралы заң, суперкомпьютерлер, CryptoCity, жаңа министрлік іске қосылды.
- Қазақстан цифрлық державаға айналуы тиіс, ЖИ-ге басымдық беріледі.
- Идеология және отаншылдық:
- Отаншылдық күнделікті еңбек арқылы көрінуі керек.
- Заң мен тәртіпке бағыну – дамудың алғышарты.
- Әскердегі әлімжеттікке нөлдік төзім, әскери мектептер желісін кеңейтуге басымдық беріледі.
Депутат Айдарбек Қожаназаров алдағы жылдары осы бес негізгі бағытқа ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.
Президенттің дәстүр бойынша жаңа жылдағы алғашқы сұқбаты қазақ тіліндегі басылымда жариялануы – үлкен қолдау, – деді ол.