Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Депутат Президент сұхбатындағы көлік-логистика бағытын бағалады

5 Қаңтар 2026, 17:58
246
Бөлісу:
 facebook.com/gennadij.sipovskih
Фото: facebook.com/gennadij.sipovskih

Бүгін Мемлекет басшысының «Түркістан» газетіне берген сұхбаты жарияланған еді. Онда ел дамуына тікелей әсер ететін бірқатар маңызды мәселелер көтерілген. Сенат депутаты Геннадий Шиповских сұхбатта көлік және логистика саласы кеңінен қамтылғанын айтады.

Депутаттың айтуынша, Президент атап өткендей, Қазақстан теңізге тікелей шығатын жолы болмаса да, Еуразияның дәл ортасында орналасқан. Бұл ел үшін үлкен мүмкіндік. Осы артықшылықты тиімді пайдаланып, Қазақстанды Еуразия кеңістігіндегі ірі көлік хабына айналдыру – стратегиялық мақсат.

Депутат сөзінше, сұхбатта президент соңғы жылдары атқарылып жатқан нақты жұмыстарға да назар аударды. Ал бұл өз тарапында нақты нәтижеге жол ашады.

Жақында іске қосылған «Достық - Мойынты» теміржол магистралі Қытай мен Еуропа арасындағы жүк тасымалын бірнеше есе арттыруға мүмкіндік береді. Ал алдағы уақытта жаңа теміржол желілері іске қосылып, 2030 жылға дейін мыңдаған шақырым теміржол салынып, жөнделеді, - дейді ол.

Сонымен қатар, «Орталық - Батыс» күре жолының құрылысы ел ішіндегі қатынасты жеңілдетіп, өңірлер арасындағы байланысты нығайтады. Бұл жоба тек логистикаға ғана емес, жалпы көлік саласының дамуына серпін беретін маңызды бастама екенін айтады.

Сенат депутаты көлік пен логистиканың бүгінгі таңда геосаясаттың да ажырамас бөлігіне айналғанын атап өтті. Қазақстан халықаралық көлік дәліздерін дамытуға белсенді қатысып, «Бір белдеу – бір жол», «Солтүстік - Оңтүстік» және Транскаспий, яғни Орта дәліз бағыттарын жүйелі түрде ілгерілетіп келеді.

Жалпы алғанда, бұл сала тек жол мен теміржолмен шектелмей, бүкіл экономиканы біріктіретін маңызды жүйе болып табылады. Осыған байланысты порттарды, әуежайларды, вокзалдарды жаңғырту, сервисті жақсарту және цифрлық шешімдерді енгізу мемлекеттің басты міндеттерінің бірі ретінде айқындалған.

Өзгелердің жаңалығы