Депутат Самат Нұртаза колледж педагогтерінің мәртебесін көтеруді ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазіргі таңда техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде педагогикалық колледждердің жалпы жұмыс істеу жүйесіне, әдістемесіне бөлек қолдау қажеттілігі көрініп тұр. Өзіңіз білетіндей, биыл қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, публицист, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі, әр мұғалім үлгі тұтатын Жүсіпбек Аймаутовтың 135 жылдық мерей тойы аталып өтпекші. Алайда, осындай атаулы жылда бүгінгі білім беру саласында ақаулықтар бар екені мәлім, - дейді депутат.
Самат Нұртаза осыған қатысты вице-премьер Тамара Дүйсенова жолдаған депутаттық сауалында педагог кадрларды даярлауды жетілдіруге қатысты бірнеше ұсынысын айтты.
Олар мыналар:
1. Жоғарғы оқу орнына туыстас мамандықтарға қабылдауға білім беру грантын көбейту туралы.
2. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі педагог қызметкерлерінің мәртебесін көтеру туралы.
3. Педагог кадрлардың біліктілігін арттыру курстары мен тағлымдамадан өту туралы.
4. «Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 18 қазандағы № 578 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы.
Былтыр қыркүйек айында Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Абай облысына жұмыс сапары барысында М.Әуезов атындағы педагогикалық колледждің жұмысымен танысқан болатын.