Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Депутат оқушылардың білім алуына кедергі келтіріп отырған мәселені шешуді ұсынды

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
2 Мамыр 2025, 11:14
684
Бөлісу:
 BAQ.KZ  архив
Фото: BAQ.KZ архив

Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов мектептердегі интернет мәселесін көтеріп, жауапты органдарға сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат сауалын Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев пен Бас прокурор Берік Асыловқа бағыттады.

Саурықовтың мәліметінше, ресми деректерге сүйенсек, еліміздегі 5247 ауыл мектебінің 5122-сі интернетке қосылған.

Бұл салада әлі де күрделі мәселелер бар. Аймақтардағы жағдайды зерделеу барысында, атап айтқанда Ақтөбе облысында, ауыл мектептерінің 78%-ында интернет жылдамдығы шартта көрсетілген деңгейдің 50%-ынан төмен екені анықталды. Басқа өңірлерде де осындай жағдай байқалып отыр, - деді Ерболат Саурықов.

Оның айтынша, мектептерді ресми түрде интернетке қосқанымен, оқушылардың онлайн платформаларға нақты қолжетімділігі қамтамасыз етілмеген.

Ауыл мектептерінде сапалы интернеттің болмауы қала және ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасы алшақтығын тереңдетуде. Бүгінде көптеген оқу бағдарламалары мен ресурстар онлайн форматқа көшкен жағдайда, тұрақты интернеттің болмауы ауыл оқушыларының заманауи білім алу мүмкіндігін шектейді, - дейді депутат.

Мынадай шаралар қабылдауды ұсынды:

Бірінші — еліміздің барлық ауыл мектептерінің интернетке қосылу жағдайына тәуелсіз техникалық мамандарды тарта отырып кешенді тексеру жүргізуді; мектептерді интернетке қосу бойынша барлық іс-әрекеттердің заңдылығын, сапасын және негізділігін тексеруді; жауапты тұлғаларды және әрекетсіздік фактілерін анықтауды; кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тартуды қамтамасыз етуді;

Екінші — білім беру ұйымдарындағы интернет жылдамдығы мен сапасын автоматтандырылған мониторинг жүйесі арқылы тұрақты бақылауды енгізуді;

Үшінші — ауыл мектептері үшін интернет сапасының нақты минималды талаптарын қайта қарап, тиісті құқықтық актілерге өзгерістір енгізіп, қажет болған жағдайда білім туралы заңға енгізіп, оларды орындамаған байланыс операторларының жауапкершілігін заңнамалық тұрғыда бекітуді;

Төртінші — байланыс және мобильді желі болмаған шалғай ауылдық елді мекендерде жоғары жылдамдықты спутниктік интернетке қосылуды субсидиялау механизмін енгізу мүмкіндігін қарастыруды;

Бесінші — білім беру ұйымдарына қызмет көрсететін байланыс операторларының жұмысына мемлекеттік бақылауды күшейтуді;

Алтыншы — мемлекеттік сатып алулардағы байланыс қызметі келісімшарттарына интернет сапасына қатысты талаптарды нақтылап, орындамаған жағдайда жоғары сомадағы айыппұл салу тәртібін енгізуді ұсынды.

Өзгелердің жаңалығы