Депутат мұғалімдердің проблемасын қайта көтерді

13 Желтоқсан 2024, 16:19
831
Бөлісу:
Депутат мұғалімдердің проблемасын қайта көтерді
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова әлі шешімі табылмаған мұғалімдердің проблемасын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгін Мәжіліс көшпелі отырыс өткізіп, қоғамдық палата отырысында міндетті медициналық сақтандыру мәселелерін талқылап жатыр.

Отырыста депутат Жұлдыз Сүлейменова бірқатар проблеманы көтерді. Соның бірі мұғалімдерге қатысты.

Біз биыл ұстаздардың мәселесіне қатысты сұрақтар көтергенбіз. Мұғалімдер 56 күн еңбек демалысына шығады. Осы кезде оларға бір рет қана медициналық сақтандыру жарнасы төленеді. Кей жағдайда бізде тамыз айында немесе қыркүйек айының басында ұстаздарымыз емханаға барған кезде медициналық көмек қолжетімсіз болған мәселелер болды, - дейді депутат отырыста.

Сүлейменова сол себепті бұл мәселені биыл тағы да көтергенін айтты.

Біз бұл мәселені шешілген шығар деп ойладық. Бірақ кейбір өңірлерде әлі де шешілген жоқ. Шын мәнінде 20 өңірдегі 7 500 мектептің ұстаздары бірреттік жарна салдарынан келесі жазғы демалыста медициналық көмексіз қалмауы керек. Осыған мән беруді сұраймыз, - деп ұсынды депутат.

Өзгелердің жаңалығы