Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Депутат мұғалімдерді аттестациялауға қатысты ұсыныс жасады

Бөлісу:
 BAQ.KZ архиві
VIDEO
Фото: BAQ.KZ архиві

Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның атына депутаттық сауал жолдап, мектептердегі білім сапасына қатысты өзекті мәселелерді атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, елдің стратегиялық күші саналатын білім беру жүйесі барлық балаға тең мүмкіндікте сапалы білім ұсынуда қиындықтарға тап болып отыр.

Депутат бірінші кезекте ұстаздарға түсетін жүктеменің артып, қағазбастылықтың азаймай отырғанын алға тартты. WhatsApp чаттары мен қосымша тапсырмалар мұғалім уақытының көп бөлігін алып, оқушымен жеке жұмысқа кедергі келтіретіні айтылды. Сонымен қатар қала мен ауыл мектептерінің инфрақұрылымдық мүмкіндіктеріндегі алшақтық та шешімін күтетін мәселе болып тұр.

Жайымбетовтің сөзінше, білімдегі олқылықтарды ата-аналар репетиторлық сабақ арқылы өтеуге тырысуда. Соңғы уақытта қосымша оқуға сұраныс 25 пайызға өсіп, репетиторлық қажеттілікке айналған. Алайда оған барлық отбасы бірдей қол жеткізе алмайды. Бұл – әлеуметтік теңсіздікті арттыратын фактор.

Депутат мұғалімдерді аттестациялау мен жұмысқа қабылдау рәсімдерінің де тиімділігін сынға алды. Құжаттарды цифрландыру жүргізіліп жатқанымен, жеке қабілет пен практикалық шеберлікті толық бағалау мүмкіндігі шектеулі. Осыған байланысты ол аталған рәсімдерге «әңгімелесу» немесе «сабақ беру» кезеңін енгізуді ұсынды.

Сонымен бірге біліктілік арттыру орталықтарының жұмысына бақылауды күшейту қажеттігі де айтылды. Жүйелі түрде бюджет қаржысы бөлінгенімен, курстардың нақты нәтижесі бағаланбай келеді. Сондықтан мұндай мекемелерге нәтиже көрсеткіштері бойынша жауапкершілік жүктеу ұсынылды.

Депутат мынадай ұсыныстарды көтерді:

1. Мұғалімдердің кәсіби дамуын жаңа деңгейге көтеру және біліктілікті арттыру орталықтарына нәтиже үшін нақты жауапкершілік жүктеу.
2. Аттестация мен жұмысқа қабылдау тәртібін қайта қарап, практикалық шеберлікті бағалайтын кезең енгізу.
3. Білім сапасын кешенді және әділ түрде өлшейтін көрсеткіштер жүйесін енгізу, сондай-ақ тәуелсіз ұлттық зерттеу институтын құру.
4. Ауыл мен қала мектептері арасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған нақты индикаторлар мен қаржылық тетіктерді бекіту.

Өзгелердің жаңалығы