Депутат министрлерге жылы кабинеттерінен шығып, аязда халықпен бірге болуды ұсынды

13 Желтоқсан 2023, 11:50
1298
Бөлісу:
Депутат министрлерге жылы кабинеттерінен шығып, аязда халықпен бірге болуды ұсынды
Фото: BAQ.KZ - архив

Министрлер жылы кабинеттерінен шығып, барлық жиналыстарын қысқартып, жылу орталықтарының бас-қасында осы аязды күндері жүруі керек. Мұндай ұсынысты Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдаған сауалында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет алдында еліміздің тұрғындарын жылумен тұрақты қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар қойды. Дегенмен бірінші күні-ақ аяз түскенде еліміздің коммуналдық инфрақұрылымының сыр бере бастауы дәстүрге айналып отыр. Рас, республика бойынша тозығы жеткен жылу орталықтары мен инфрақұрылым 80 пайыздан асып кетті. Ал олардың көбін біз 50 жылдан астам уақыт пайдаланып келеміз. Бұл қауіпті жағдай, - деді депутат.

Сайыров атағандай, былтырғы Екібастұз, Риддер, Балхаш, Көкшетау, Қарағанды, Теміртау, Петропавл қалаларындағы апаттар қордаланған мәселелердің айқын көрінісі. Бұл тізімге Сарань қаласы қосылды.

Техногендік қауіп-қатердің географиясы геометириялық прогрессиямен өсіп барады. Соған қарамастан, біз жылына бұл салада тек 5-7 процентке ғана жаңарып отырмыз. Бұл тіпті, елдегі ескіру үрдісінің орнын толтырмайды. Олай жалғаса берсе, жылу энергетикасындағы коллапс орнауы мүмкін. Шіріген құбыр, ескірген қазандық, «кеңестік заманнан қалған» сорғыларды ауыстыратын уақыт өтіп кеткенін бәріміз білеміз, - дейді Ерлан Сайыров.

Оның айтуына қарағанда, былтыр жылу саласындағы инфрақұрылымның тозуын азайту мақсатында арнайы 160 миллиард қаржы бөлінсе де, шықырлаған аязға төтеп бере алмай отырмыз.

Жыл басында Парламентте Жоғарғы аудиторлық палатасының «Жылумен жабдықтау саласы» бойынша қорытынды есебінде 100-ден аса нақты ұсыныстар мен жүйелі сындар айтылды. Ұсыныс ретінде берілді. Бірақ Үкіметтен сол ұсыныстар бойынша не жауап, не атқарылған істі біз көрмедік. Осылай тізіп кете беруге болады. Сондықтан бұл саладағы менеджмент пен бақылауды маңызды. Былтыр AMANAT партиясы өкілдері Екібастұз халқына мыңдаған үй жылытқыш пен жылы көрпе тасып, халықты жылытқанын білесіздер. Биыл осындай жағдайды қайталатуға Үкіметтің еш хақысы жоқ, - деп талап етті Ерлан Сайыров.

Депутат олигархтар протекцияны пайдаланып, өздері пайдаға кенеліп, шығынды мемлекет пен халыққа ысырып тастаудың дәстүрін жалғастыру әрекеттерін доғаратын кез келгенін айтып, өз ұсыныстарын айтты.

Депутаттың ұсыныстары мынадай:

  • Жауапты министрлер жылы кабинеттерінен шығып, барлық жиналыстарын қысқартып, жылу орталықтарының бас-қасында осы аязды күндері жүруі керек.
  • Министрлер қиын-қыстау кезеңде кабинеттен шығып, халық арасында болыңыздар.
  • 2022-2023 жылдары Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен бөлінген қаражаттардың есебіне қатаң анализ жасалуы тиіс. Бұл саладағы әрбір жемқор қатаң жазалануы тиіс.
  • Осы күндері өңірлердегі оперативті штабтардың жұмысын «екі еселенген 24/7 режиміне» көшіру қажет.
  • Әкімдіктер мен Үкімет осы саладағы өңірлік қауіпті зоналар бойынша «Тәуекелдер картасын» даярлап, олар бойынша нақты мақсаттық алгоритм жоспарын даярлап қоюы тиіс.
Өзгелердің жаңалығы