Жамбыл облысы мәслихатының депутаты Жанар Бүркітбаева құмар ойындардың зиянын айтып, лудоманиямен күрес туралы заңға қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жанар Бүркітбаева атап өткендей, лудомания немесе құмар ойынға тәуелділік Қазақстан үшін күн тәртібіндегі күрделі мәселе.
Тіпті лудоманияның нашақорлық пен алкоголизм сияқты үлкен дертке айналғаны жасырын емес. Бүгінде бәс тігу мыңдаған отбасының берекесін қашырып, азаматтарымыздың тағдырына балта шабатын қауіпті құбылысқа айналды. Әсіресе жастарды “жеңіл ақшаның” буымен баурап алды. Тіпті өзім танитын адамдардың арасында құмар ойынның кесірін тиген жандардың талайын көрдім. Сол себептен бұл дерттің қаупін жақсы түсінемін, - дейді ол.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, елімізде 350 000-ға жуық адам лудоманиядан зардап шегеді. Олардың 70%-дан астамы 18 жас пен 35 жас аралығындағы жастар. Мәслихат депутаты айтқанда, бұл ерекше алаңдататын мәселе. Себебі жастарымыз құмар ойындардың жарнамасына алданып, азғыруына еретін ең осал топ саналады.
Құмар ойынға салынудың салдарынан қаржылық қиындықтар мен әлеуметтік қақтығыстар туындап, отбасы институтына қауіп төне бастағандықтан қолданыстағы заңға неғұрлым қатаң нормаларды енгізу қажеттігі туды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда және Қауіпсіздік кеңесінің отырысында бірнеше рет осы мәселеге ерекше тоқталып, лудоманиямен күресті мемлекеттік саясаттың басымдықтарының бірі ретінде белгіледі. Осыған байланысты, былтыр AMANAT партиясы құмар ойынды және оның жарнамасын шектеу, букмекерлік кеңселер мен лотерея қызметін реттеу бойынша заң жобасын дайындауға бастамашы болды. Қоғам дертіне айналған күрделі мәселеге Үкімет назарын аударды, - деп түсіндірді Бүркітбаева.
Биыл 2 жылға жуық уақыт талқыланып, пысықталған букмекерлік кеңселер мен құмар ойындардың жарнамасын шектейтін заң жобасы қабылданды. Бұл заң халыққа, әсіресе жастар арасында құмар ойындардың тартымдылығы мен қолжетімділігін төмендетуге бағытталған.
Мәселен, құмар ойындарға қатысу жасын 25 жасқа дейін көтеру және борышкерлердің бірыңғай тізілімінде тұрған тұлғаларға қатысуға тыйым салу азаматтарды экономикалық және психологиялық зардаптардан қорғауға бағытталған.
Ал жарнамалық мүмкіндіктерді шектеу жастардың құмар ойындарғақызығушылығын азайтуы керек. Спорт және дене шынықтыру комитеті жүргізген зерттеу сауалнамаға қатысқан ойыншылардың шамамен 60%-ы жарнаманың олардың құмар ойындарға қатысу шешіміне әсер еткенін мойындағанын көрсетті.
Сондай-ақ биометриялық сәйкестендіруді енгізу жас шектеулерін айналып өтуге қарсы күресте маңызды қадам болмақ. Шетелдік букмекерлік кеңселердің лицензиясыз қызметіне тыйым салу отандық бизнесті қорғауға және елден қаржылық капиталдың жылыстауының алдын алуға бағытталған. AMANAT партиясы қабылдаған бастамалар бүгіннің өзінде оң нәтиже бере бастады. Алайда қоғамды бұл дерттен түпкілікті айықтыру үшін кешенді ақпараттандыру және түсіндіру іс-шараларын жүргізу маңызды, - деп атап өтті жамбылдық депутат.
Азаматтардың құмар ойындардың қауіптілігі туралы білімін арттыру, әсіресе жастар мен олардың ата-аналары арасында, тәуекелдер мен көмек алудың жолдарын түсіну жұмысын белсенді жүргізу керек. Сондай-ақ лудомания дертіне шалдыққан азаматтарымызға қажетті қолдау көрсету үшін жедел желілер мен кеңес беру орталықтарын ашу қажет.
Заң жобасы - құмар ойындарға тәуелділікпен күресте және азаматтарды қорғауда маңызды қадам. Ал оның табысты жүзеге асырылуы үкімет, бизнес және қоғамның күш-жігерін үйлестіруді талап етеді. Мемлекеттің, қоғамның және әрбір азаматтың бірлескен күш-жігерімен ғана біз баршаға қауіпсіз қоғам құрып, болашақ ұрпақты қауіпті дерттен сақтай аламыз, - дейді ол.
Мәслихат депутаты өз сөзінде жастар арасында құмар ойындарға қарсы үгіт-насихат жұмыстарын мектептерде де қолға алу керек деген ұсыныс айтты.