Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы МӘМС жүйесін уақытша тоқтата тұруды ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға МӘМС жүйесін уақытша тоқтата тұруға, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қызметкерлерінің жалақысына қатысты сұрақ қойды.
МӘМС-тің жұмыс істеп жатқанына 6 жыл болды. Не тіркеу тоқтаған жоқ. Оның ішінде марқұмдарды да тіркеп жіберді. 3-4 айлық балалардың да тісін емдедік деп қор ақша алып отырғанын көріп отырмыз. Былтыр Президент тапсырған медициналық көмектің бірыңғай топтамасы да жасалған жоқ. Оған қоса Мемлекет басшысы айтқан “жергілікті билік өкілдері, әкімдіктер әлеуметтік осал топтардың кейбірінің медициналық сақтандыруын жергілікті бюджеттен төлесін” бастамасы да жүзеге асқан жоқ. Осы МӘМС-ті жасау арқылы халықты сынақ алаңына салып жіберген сияқтымыз. Бұрынғы жүйе де, қазіргі жұмыс де істеп тұрған жоқ. Халық қайда барып, ем аларын білмейді, - деді депутат.
Нартай Аралбайұлы өзінің ұсынысын жасады.
Онсыз да басы қатып жүрген халықтың басын қатырмай, егер мүмкіндік болса, осы жүйені жүйелеп, нақты 100% дұрыс жұмыс істейтін деңгейге жеткенше, неге МӘМС жүйесін тоқтата тұрмасқа?! Өйткені елімізде 20 млн адам бар. Оның 3,5 млн-ы тіркелмеген, ал 14 млн адамның медициналық шығындарын мемлекет көтереді. Сонда сақтандыру жарнасын төлеп отырған 2 млн ғана адам қалады. МӘМС-ті бір жүйеге келтірсек, оны басқаша емдеудің жолын табармыз, - деп айтты депутат.
Сондай-ақ депутат облыс әкімдіктерінен қанша медициналық нысандар салынғанын сұрады.
Еліміз бойынша МӘМС жүйесінде 1000 азамат жұмыс істейді. Олардың бір жылдық жалақы қоры 11 млрд теңге.
Сіздің елге, халыққа осынша қолайсыздық тудырып жатқан жүйенің қызметкерлері үшін бұл өте көп ақша емес пе?! Осы ақпаратты растай аласыз ба? – деп сұрады Мәжіліс депутаты.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова МӘМС жаңа жүйе болғандықтан кемшіліктері бар екенін жасырмады. Ол бұл кемшіліктерді депутаттармен бірге жоятынына сенімді екенін қоса кетті.
Министрлік бүгінде тиісті жұмыстарды бастап кетті. Жүйе қолдауды және ары қарай жетілдіруді қажет етеді. Екінші мәселе ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жобасы биыл өзінің жалғасын тапты. Былтыр 99 нысан салынса, биыл 361 нысан салынып, іске қосылды. 2025 жылы қосымша 195 объект салынады. Сондай-ақ 32 ауданаралық ауруханалардың жетеуінің қосымша құрылыстары мен күрделі жөндеулері былытр басталып, биыл жалғасын табады. Оған 3,8 млрд теңге бағытталды. 10 аурухананың жобалық-сметалық құжат жеттік өтінім әзірленді. Қазір 7 жобалық-сметалық құжат жоспарлау сатысында тұр, - деп айтты ол.
Әлназарованың айтуынша, инвестициялық қызметтерді МӘМС жүйесі жүргізіп отырады. Бұл түскен барлық жарнапұлдардан, жұмыс берушілер мен жұмысшылардан 1,18 пайызын құрайды. Бұл қосымша барлық МӘМС жүйесіндегі қызметтердің атқарылуының жұмыстарына жұмсалады.
2024 жылдың қорытындысы бойынша 17 млрд теңгеге жуық қаражат болды. Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан бұл жұмысты қайта қарап, 1,5 млрд теңгеге бұл соманы азайттық. Негізі бұл мәселе бақылауда. Биыл автоматизация жүйесі іске қосылса, тиісті қосымша шаралар қабылданады.
17 млрд теңгенің ішіне барлығы кіреді. Жалақыны төлеу қоры 11 млрд теңге болса, қалған шығындар 20 филиал мен орталық филиалдың барлығын ұстап тұруға кетеді. 2024 жылдың қорытындысымен 15,5 млрд теңге көлемінде қаражат шығындарға жұмсалды, - деп түсіндірді министр Мәжілісте.