Депутат көлікті жылытуға 5 минут бермес бұрын зауыттарды тәртіпке келтіруді шақырды

Бөлісу:
Депутат көлікті жылытуға 5 минут бермес бұрын зауыттарды тәртіпке келтіруді шақырды
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы көлікті 5 минут қыздыруға тыйым салмай, ауаға тонналап қалдық тастайтын зауыттарды тәртіпке салуға шақырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Нартай Аралбайұлы бұл мәселеге қатысты сұрағын Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдады.

Көлік туралы айтқанда қазір қоғамда қызу талқыланып жатқан автокөлікті 5 минуттан артық оталдырып тұруға болмайды деген ақылға томпақ талаптан аттап кете алмаймын, - деді ол.

Депутат атағандай бұл 20 жылдан астам уақыт бұрын Үкімет бекіткен шешім.

Бірақ аталған қаулының қате екеніне бәріміздің көзіміз жетіп отыр, қоғамда қатаң сынға алды. Қақаған қыста автокөлігін 5 минуттан артық оталдырған азаматтарды қазір біреулер бейнетаспаға түсіріп салдарынан құзырлы орындар айыппұл салып жатыр. Бұл ақылға сыймайтын шешім, себебі сарышұнақ аязда көлікті қыздармасаң темір тозады, көлік бұзылады, оны жөндеп шығынға бататын баяғы бұқара халық, - деді Нартай Аралбайұлы.

Депутат осыған қатысты өз ұсынысы бар екенін қоса кетті. 

Автокөлікті 5 минуттан артық оталдырып тұруға тыйым салатын министрліктің шешімін дереу қайта қарау керек. Көлік оталып тұрғаннан экологияға зиян келеді дейтіндер болса, алдымен ауаға тонналап зиянды қалдық тастайтын зауыттар мен аспаннан қара қар жаудыратын мекемелерді тәртіпке салып алсын, - деп ұсынды мәжілісмен.

Өзгелердің жаңалығы