Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Депутат: Ит емес-ау, кит өлген жерден сары май тасимыз

3 Желтоқсан 2025, 13:13
945
Бөлісу:
 Мәжіліс Баспасөз қызметі
VIDEO
Фото: Мәжіліс Баспасөз қызметі

Қазақстанда отандық өндірісті қолдау үшін жаңа тетік іске қосылады. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Отырыста депутат Ермұрат Бапи күрделі мәселелердің бірі – отандық өндіріс пен отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселесі Үкімет тарапынан әлі күнге дейін шешілмей келе жатқанын айтты.

Мемлекеттік несиелік бағдарламалардың көмегімен салынған өндірістік кәсіпорындар 40-50 пайыздан аспайтын қуатта жұмыс істеуде. Бюджеттің есебінен, мемлекеттік қаржыға салдырып, ол кәсіпорындарды нарыққа «лақтырып» жібереміз. Мәселен, «Даму» және басқа да қорлардың көмегімен салынған ет комбинаттары мемлекеттік тапсырыс болмағандықтан жартылай мүмкіндікте ғана жұмыс істеп жатыр. Есесіне нарықты Ресей мен Беларусьтың азық-түлігі жаулап алған. Ит өлген, ит емес-ау, кит өлген Жаңа Зеландиядан сары май тасимыз. Тоңазытқышы жоқ қазақ қарынға салып май өндірген. Жаңа Зеландиядан май тасу масқара ғой. Ал біздің өндірісіміз тоқтап тұр. Балтық жағалауынан май тасимыз. Бұл сорақылық! Май өндірген қазаққа отандық өндірісімізді қолдамай, сырттан делдалдардың көмегімен сары май тасу сорақылық! «Самұрық-Контракшн» компаниясы мемлекеттік несие салдырған құрылыс зауыттары банкрот болудың алдында тұр. Оларда айналым жоқ. Осы төңірегіндеҮкіметте тұтас ұстаным жоқ. Осы орайда мемлекеттік бағдарлама қажет деп ойлаймын. Үкіметтің осы тұрғыда ұстанымы қандай? Қандай әрекеттер жасап жатыр?, - деп сұрады депутат вице-премьерден.

Қанат Бозымбаев бұл «экономикалық күрделі» мәселе деп атады.

Егер біздің отандық тауар өндірушілер ішкі нарықта бәсекелестікке сай болса, ол неге тоқтатылады?! Мысалы, сүтке қаншама субсидия беріліп жатыр. Қазір сүт өңдеу зауыттарына Үкімет тарапынан қаншама көмек көрсетілуде. Бірақ әлі күнге дейін ішкі нарықты 100 пайыз қамтамасыз етті деп айта алмаймыз. Болашақта көп жұмыс істеу керек. Әрине, тиісті жоспарлар бар. Тиісті министрлік былтыр заңға қажетті түзетулер енгізіп, отандық тауар өндірушілер тізілімін электронды порталға қосты. Алдағы уақытта тауардың сәйкестігін білдіретін сертификаттар жойылады.

Айтуынша, тізілімге кірген компаниялар келесі жылдан бастап «Самұрық-Қазына» тарапынан, тиісті мемлекеттік органдардың тарапынан жеңілдіктер алады.

Мәселен, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық пен энергетикалық секторды жаңғыртуға бағытталған үлкен жобаны қолға алдық. Ол жобаға қажетті өнім шығаратын отандық тауар өндірушілер бар болса, анықталған мердігерлер соның тауарлары: құбырларын, электр желілерін, трансформаторларын 100 пайыз сатып алып, жылу беретін компаниялардың жабдықтарына енгізеді. Бұл мәселе тиісті халықаралық шарттарға сай келмей жатыр. Алайда, соған қарамастан қолға алдық. Мысалы, 6,6 трлн теңге тек коммуналдық желілерді жаңғыртуға қарастырылған. Оның ішінде шамамен 2 трлн теңгеге жуық қаражат отандық тауар өндірушілерге беріледі. Басқа мәселелерді айтсақ, әр тауар бойынша жеке ұстаным болуы тиіс, – деді Қанат Бозымбаев.

Өзгелердің жаңалығы