Депутат елдегі қымбатшылықтың басты себебін атады

20 Сәуір 2023, 11:55
1197
Бөлісу:
Депутат елдегі қымбатшылықтың басты себебін атады
Фото: egemen.kz

Депутат елдегі әлеуметтік маңызы бар өнімдердің күрт қымбаттауына не себеп болғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы сенатор Қайрат Тастекеев Сенаттың жалпы отырысында мәлімдеді.

Айтуынша, бағаға шек енгізу – Үкімет пен әкімдіктердің әлеуметтік маңызы бар өнімдер бағасының өсуін тежеу құралдарының бірі. Алайда үстемеақы өндірушінің сату бағасының 15%-дан аспауы керек деген заңның талабы барлық жерде сақтала бермейді.

Оның үстіне, кәсіпкерлер мұндай заң талаптарының бар екенін білмеуі немесе оларды ескермеуі мүмкін. Бұл жағдайда саудагерлер жағдайды пайдаланып, қажетті өнімдерден қосымша табыс табады.

Өндірушіден соңғы тұтынушыға дейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының құны негізсіз 10 есе өсу фактілері бар. Бұл ретте айырмашылықтың басым үлесі азық-түлік дүкендеріне тиесілі болды. Мысалы, егер «Magnum» гипермаркетінде қанттың бағасы 500 теңге болса, тұрғын үйлерде орналасқан дүкендерде бұл тауардың құны 900 теңгеге жетеді. Бағаның көтерілу себебі әкімдіктердің сауда қызметіне тұрақты мониторингінің болмауына байланысты деп санаймын, - деді Қайрат Тастекеев.

Депутат әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның өсуін тежеу жөніндегі шаралар мен іс-қимыл жобасын әзірлеуге Үкімет пен әкімдіктер жауапты екенін еске салды.

Сауда және интеграция министрлігі облыстардың, қалалардың әкімдіктерімен бірлесіп, бөлшек сауда үстемесінің сақталуына мониторингті күшейтіп, қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін арттыруы тиіс. Нарықтық тетіктерге сәйкес келетін азық-түлік бағасын тежеу бойынша түбегейлі жаңа тәсілдерді әзірлеу қажет. Осы тауарларды нарыққа шығарудан бастап, түпкілікті тұтынушыға сатуға дейінгі бүкіл сауда процесін цифрландыру керек, - деді сенатор.

Өзгелердің жаңалығы