Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов зардап шеккен азаматтарға берілетін үстемеақылардың барлық түрін екі есеге ұлғайтуды ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Абай облысының тұрғындарымен кездесулер кезінде, Семей полигонындағы 468-ден астам жүргізілген ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғауды жетілдіруге байланысты мәселелер жиі көтерілді, - деді депутат.
Айтуынша, зейнетақыға үстемеақы алу құқығы төтенше радиациялық қауіпті және ең жоғары радиациялық қауіпті аймақтарда тұрып жатқандарға және 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін зейнетке шыққандарға берілген.
Ал радиациядан зардап шеге тұрып, басқа аймақтарға көшіп кеткен және зейнетке 1998 жылғы 1 қаңтардан кейін шыққандарда бұндай құқық жоқ.
Қосымша еңбекақы және жыл сайынғы қосымша ақылы демалыс тек қана зардап шеккен аймақтарда тұрып жатқан азаматтарға ғана беріледі. Басқа аймақтарға көшіп кеткен азаматтар бұл құқықтармен қамтамасыз етілмеген. Барлық жұмыс беруші жыл сайынғы қосымша демалысты төлей алмайды және басқа да қажетті төлемдерді толық қамтамасыз етпейді, себебі бұл үшін қаржылық мүмкіндіктері жоқ, - дейді Сабильянов.
Сонымен қатар зардап шеккендердің барлығы уақтылы медициналық тексерістен өтпеген және оларға тиісті диагностика жасалмаған. Оңалту орталықтарында да ем алу қолжетімсіз.
Онымен қоса, жиі көтерілетін мәселелердің бірі – ол зейнетке шығу жасын төмендету.
Зардап шеккен азаматтардың көпшілігінің тұрақты жұмыс орны жоқ. Осыған байланысты, олар міндетті медициналық сақтандыру жарналарын төлей алмайды. Сонымен қатар өткен жылдарда осы мәселелерге қатысты депутаттық сауалдарға жауап ретінде Үкімет арнайы зерттеулер жүргізіп, қорытындысы бойынша осы өңірдің азаматтарын әлеуметтік қорғау шараларын жетілдіріп, сондай-ақ сәулеленудің жеке дозасының шамасына байланысты медициналық-әлеуметтік көмек көрсету өлшемдерін қайта қарайтынын атап өткен. Бүгінгі күні зерттеулер толық жүргізіліп бітті, - деп айтты депутат өз сауалында.
Сабильянов мынадай ұсыныстар айтты:
- ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды міндетті медициналық сақтандыру жарналарын мемлекет атынан жүзеге асыру;
- ядролық сынақтардан зардап шеккен, бірақ елдің басқа өңірлеріне көшіп кеткен азаматтарға заңнамамен көзделген барлық құқықтар мен жеңілдіктерді беру;
- зардап шеккен азаматтарға берілетін үстемеақылардың барлық түрін екі есеге ұлғайту және жыл сайынғы қосымша еңбек демалысын төлеуге мемлекеттік қолдау көрсету;
- барлық зардап шеккен азаматтарға толық кешенді медициналық тексеру жүргізу және медициналық оңалту ұйымдарда емделуін қамтамасыз ету;
- оңалту орталықтары мен мамандандырылған шипажайлардың санын көбейту.