Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Депутат ауылға қатысты реформалардың мәнін түсіндірді

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
28 Қараша 2025, 17:03
325
Бөлісу:
 Артём Чурсинов  - архив
Фото: Артём Чурсинов - архив

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл әкімдерінің өкілеттіктерін арттыру, кооперативтерді дамыту, “Ауыл аманаты” бағдарламасы және бірпалаталы Парламентке көшу жөніндегі бастамаларына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат ауыл әкімдерінің өкілетін кеңейту мәселесіне тоқталып, ауылдық басқару деңгейінің маңыздылығын атап өтті.

Ауыл әкімдері – халықпен тікелей жұмыс істейтін саяси механизм. Конституцияға сәйкес, Қазақстан халқы – бұл мемлекетті қалыптастыратын негізгі күш. Сондықтан біз ауыл әкімдерінің рөлін арттыруымыз керек, себебі дәл осы ауыл әкімдері – халықпен тікелей жұмыс істейтін тетік және жүйе, – деді ол.

Саировтың айтуынша, Президенттің тапсырмасы жергілікті өзін-өзі басқарудың тиімді жүйесін қалыптастыруға бағытталған.

Осы мақсатта Президент Тоқаев депутаттарға Үкіметпен бірлесіп, ауыл әкімдерінің өкілетін кеңейтетін барлық мәселені жан-жақты қарастыруды тапсырды. Бұл ауыл әкімдерінің рөлін күшейтіп, ауылдардың әлеуметтік-экономикалық тұрақты дамудың негізгі күші болуына негіз қалайды, – деп айтты депутат.

Ерлан Саиров ауылдық округтердің дербестігін арттыру функциялық қайшылықтарға әкелмейді деп санайды.

Менің ойымша, ешқандай функционалдық қайшылық болмайды. Біздің ауылдар дамуы үшін, олардың тұрақты экономикалық іргетасы қалыптасуы үшін қаржылық тұрақтылығын арттыру қажет. Ұсынылып отырған шаралардың барлығы ауылдық округтердің қаржылық тұрақтылығын күшейтуге бағытталған, – деді ол.

Президент кооперацияны дамытудың маңызын атап өткен тұста, депутат әлемдік тәжірибені мысалға келтірді.

Әлемнің барлық елінде ауыл шаруашылығы кооперативтері экономиканы дамытатын негізгі күш болып саналады. Еуропа, АҚШ, Қытай – қай елді алсаңыз да, ауыл кооперативтері экономикалық тұрақтылықты қалыптастыратын және дамуға негіз болатын тетік. Сондықтан біз де бұл бағытты дамытуымыз қажет, – деді Саиров.

Депутат “Ауыл аманаты” бағдарламасының тиімділігін ерекше атап өтті.

“Ауыл аманаты” бағдарламасы – еліміздегі материалдық игіліктерді тікелей қайта бөлудің механизмі. Яғни көмекті қандай да бір абстрактілі ауыл шаруашылығы кәсіпорындары емес, нақты адамдар алады. Осы азаматтардың экономикалық белсенділігі өздерінің әл-ауқатын жақсартуға, сондай-ақ еліміздің экономикалық дамуына негіз қалау мақсатында іске асады. Сондықтан мен “Ауыл аманаты” — аса маңызды, әлеуметтік мәні жоғары бағдарлама деп есептеймін және оны қолдау қажет, – деп санайды ол.

Саиров Президенттің президенттік квотаны алып тастау және Парламентті реформалау жөніндегі ұсыныстарына да тоқталды.

Парламенттік реформа талқылану кезеңінде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев реформаның қай бағытта жүзеге асуы керектігін нақты көрсетті. Ең алдымен елдің болашағын дамытуға негіз қалайтын кәсіби мамандар билікке келуі қажет. Бұл – өзін жарнамалауды емес, нақты жұмыс жасауды көздейтін адамдар, – деді депутат.

Оның айтуынша, жаңа модель Қазақстанның саяси жүйесін нығайтып, ұзақ мерзімді даму платформасын қалыптастырады.

Сондықтан менің ойымша, бірпалаталы Парламент – Қазақстанның тұрақты дамуына ұзақмерзімді перспектива қалыптастыратын механизм болады. “AMANAT” партиясы бүгін саяси реформалардың авангарды болып отыр. Меніңше, партияның болашағы зор және ол халықтың басым бөлігінің сеніміне ие, – деп түсіндірді Ерлан Саиров.

Өзгелердің жаңалығы