Мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбинов Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевті аймаққа бірге шығуға шақырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министр мырзаға аймаққа бірге шығуды ұсынамын. Бірге шығып, жаңағы айтқан 5 млн га жерді көрсетіп беріңіз. Халықтың қайсысы риза болып отырғанын көрейік. Мен сізге елдің сөзін айтып отырмын, ойдан шығарып отырған жоқпын, - деді депутат.
Өз кезегінде Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев интерактивті карта 1 қаңтарда іске қосылатынын айтты. Сөзінше, барлық ақпарат ашық болады.
Жақын арада біз интеравтивті картаны жасаймыз. Қайтарылған 5,2 млн га жерді әрбір қазақстандық көре алады. Облысқа шығатын болсаңыз, жүріңіз, биыл мен 17 облысты аралап келдім. Жиі шығуға қолым тимейтін шығар. Бірақ сізбен баруға дайынмын, - деп толықтырды Қарашөкеев Мәжілісте.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов әріптесін (Берік Дүйсенбиновті – ред.) интерактивті карта іске қосылғаннан кейін қайтарылған жерді тексеріп көруге шақырды.
Бұған дейін депутат Берік Дүйсенбинов жер қайтарылмай отырғанын айтып, министрге сұрақ қойған болатын