Депутат аттестациядан өте алмаған колледжде болды

8 Шілде 2023, 16:49
911
Бөлісу:
Депутат аттестациядан өте алмаған колледжде болды
Фото: AMANAT партиясының телеграмынан

Мәжіліс депутаттарының өңірлерге сапары жалғасып жатыр. Соның аясында мәжілісмен Гүлдара Нұрымова Жамбыл облысында болып, Мойынқұм ауданындағы Айдарлы ауылында салынып жатқан спорттық-сауықтыру кешенінің және №2 орта мектептің күрделі жөндеу жұмысымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы AMANAT партиясының баспасөз қызметі хабарлады.

Депутат екі нысанда да қарқынды жұмыс жүріп жатқанын және аталған спорт кешенінің құрылысы қыркүйекте, ал мектеп құрылысы 17 қарашада аяқталатынын атап өтті. Бұған қоса, депутат Бірлік ауылындағы амбулаторияға барып, ауыл тұрғындарымен, аудандық мәслихат депутаттарымен әңгімелесті. 

Өз кезегінде, тұрғындар амбулатория мен ауылдық стационарды қайта жаңғыртуға қатысты көмек сұрады.

Сондай-ақ депутат Қ. Рысқұлбеков атындағы орта мектептің күрделі жөндеу жұмысына зер салды. Бұл нысан биыл қарашада қолданысқа беріледі. Ал Көкжелек ауылындағы ауыз су нысанының құрылысы қазанда аяқталады деп күтілуде. Бұдан соң, халық қалаулысы Мойынқұм ауданындағы №8 колледждің жағдайымен танысты. Онда бас-аяғы 60 студент білім алады.

Білім ордасы биыл аттестациядан өте алмады. Соның салдарынан колледждің 17 түлегіне диплом берілген жоқ. Мораторийге байланысты биыл қайта аттестациядан өте алмайды. Бұл жұмысты алдағы жыл басында өткізу жоспарланып отыр. Бірқатар олқылықтың орны толтырылған жағдайда колледж өз жұмысын қайта жалғастырады, – деді Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова.

Сонымен қатар депутат аудандық орталық аурухана ұжымымен, емхана жұмысымен де танысып, дәрігер тапшылығы мәселесіне мән берді. Бұған қоса, ауылдық округтерде жедел жәрдем көлігінің жетіспеушілігі де айқын байқалады.

Халық қалаулысы партия филиалында қоғамдық қабылдау өткізіп, онда Қылышбай ауылының тұрғындары ауыз су, егін шаруашылығына су тарту, көгілдір отынмен қамтамасыз ету, МӘМС мәселелерін көтерді.

Өзгелердің жаңалығы