Мәжіліс депутаты Мұрат Ергешбаев астаналық кәсіпкерлердің жауапкершілігін күшейтуді ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге сұрақ қойды.
Біздің қалаларымыздың бірінші көшелері бойында дүкендер, кафе, ресторандар, банктер бар. Алайда сол кәсіпкерлеріміз осы көшелердің тазалығына мән бермейді. Себебі олар белгіленген “қызыл сызыққа” дейін ғана тазалайды. Ал жаяу жүргінші жүретін жол “қызыл сызыққа” кірмейді. Сондықтан оны мәслихат кеңейтуі керек, - деді депутат.
Оның айтуынша, қыс кезінде тротуарлармен жүру қиын. Себебі оны қала тазалап үлгермей жатыр.
Депутат осы мәселені реттеуді ұсынды.
Осы мәселеде кәсіпкерлер де жауапты болуы керек. Себебі олар сол жерден табыс тауып жатыр. Екінші мәселе, тіркеуді реттеуіміз керек. Астана мен Алматы қалаларына жастарымыз барып, жұмыс істейді. Оларды тіркеусіз жұмысқа алмайды. Ол мәселе қалай шешіледі? Ол реттеле ме? – деп сұрады Мұрат Ергешбаев.