Депутат: Әскерде келісімшартпен жұмыс істейтіндер құмар ойындарға бейім

15 Мамыр 2023, 11:46
554
Бөлісу:
Депутат: Әскерде келісімшартпен жұмыс істейтіндер құмар ойындарға бейім

Мәжіліс депутаты Айгүл Құспан Мәжілістің жалпы отырысының кулуарында әскердегі лудомания туралы айтты, деп хабарлады BAQ.KZ тілшісі.

Әскердегі күрделі мәселенің бірі – құмар ойын. Әр бөлімшенің басшысы күнде сарбаздың психологиялық жағдайын, уайымын бақылап, олармен тікелей жұмыс істеуі керек. Әсіресе, олар онлайн ставка жасайды. Ақшасын жоғалтып, жеңіледі. Несие алады. Оны тағы салады. Ол несие көбейе береді. Кейін оның салдары ұрлыққа немесе суицидке дейін апарады. Құмар ойындар шекарашылар үшін өте қауіпті. Ол шекараны қорғауы керек қой. Шекарашылардың қолында 24 сағат қару болады. Сондықтан олардың психологиялық жағдайы қиын болса, қауіпті адамға айналады, - деп айтты депутат Құспан Мәжілісте.

Ол мұндай жағдай ҰКҚ-да бір рет кездескенін айтты.

Оның өзін әлі де тексеріп жатыр. Құмар ойынның әсерінен өзіне қол салды ма? Әлде басқа жағдай болды ма? Тергеу жүргізіліп жатыр. Ал Қарулы күштерде ондай жағдайлар бар. Әсіресе, келісімшарт бойынша жұмыс істейтіндер оған бейім, - деп толықтыды сөзін Айгүл Құспан.

Бұған дейін депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарындағы қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдағанын хабарладық.

Өзгелердің жаңалығы