Депутат ақыл-есі кем жандарды қолдауды күшейтуге шақырды

Бөлісу:
Депутат ақыл-есі кем жандарды қолдауды күшейтуге шақырды
Фото: Артём Чурсинов - архив

Мәжіліс депутаты Таңсәуле Серіков мүмкіндігі шектеулі жандардың, әсіресе ақыл-есі кем азаматтардың құқығын қорғауға қатысты өзекті мәселелерді көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақ жетімін жылатпаған, кемтарын кемсітпеген халық. Алайда бүгінде ІІ және ІІІ топтағы мүгедектерге тиісті қолдау көрсетілмей отыр, - деді депутат.

Оның айтуынша, Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі азаматтар көбейіп келеді. Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сәйкес, елде психологиялық ауытқуы бар адамдардың саны 2024 жылы 1 705 адамға, ал ақыл-есі кем балалар саны 3 955 балаға артқан. Бүгінгі таңда олардың жалпы саны – 27 286 бала.

Депутат әсіресе ақыл-есі кем жандардың қамқоршыларына қолдау жетіспейтінін атап өтті. 18 жасқа дейін мүгедек баланы күтіп-бағатын ата-анасына жәрдемақы төленеді, алайда бала кәмелет жасына толғаннан кейін бұл көмек тоқтатылады. Ал ақыл-есі кем азаматтар 18-ге толған соң өздігінен өмір сүріп, толыққанды қоғам мүшесі бола алмайды.

Кейбір аналар жалғызбасты, олар мүгедек балаларын күтіп, бір мезетте екі жұмыс істеуге мәжбүр. Бірі – еден жуушы, екіншісі – аула сыпырушы. Олардың тапқан табысы тек дәрі-дәрмек пен жол шығынына кетеді. Бұл аналар демалыссыз, қолдаусыз күн кешіп жүр, - деді депутат.

Депутат мынадай ұсыныстарды ортаға салды:

- І топтағы ақыл-есі кем мүгедектерді күтіп отырған қамқоршыларға 18 жастан кейін де жәрдемақы тағайындау;
- Туғаннан ақыл-есі кем балаларға бірден І топ мүгедектігін беру;
- ІІ және ІІІ топтағы ақыл-есі кем мүгедектерге арнайы инватакси қызметін енгізу.

Батыс елдерінде ақыл-есі кем азаматтарды қоғамға бейімдеу үшін еңбек терапиясы жүргізіледі. Оларды жұмысқа орналастырып, өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуге мүмкіндік береді. Біз де осы бағытта нақты шаралар қабылдауымыз керек, - деді депутат.

Өзгелердің жаңалығы