2025 жылдың 1 наурызынан бастап Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры депозит мөлшерлемелерінің шегін белгілеуді толығымен тоқтатады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл дегеніміз – енді банктер өздерінің депозиттік пайыздарын нарықтық жағдайға қарай өздері анықтайды.
Бұрын ҚДКБҚ банктердің депозит мөлшерлемелеріне шектеу қойып, олардың жоғары пайыздар ұсыну арқылы бәсекелестерін ығыстыруына жол бермейтін. Алайда қаржы секторының дамуымен және банктердің тұрақтылығы артқан сайын бұл шектеу кезең-кезеңімен жойыла бастады. Енді депозиттер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді нарықтық сұраныс пен ұсыныс анықтайды.
Бұл өзгеріс не береді?
Бұл өзгеріс банктер арасындағы шынайы бәсекелестікті арттырып, клиенттерге тиімді депозиттік шарттар ұсынуға жол ашады. Дегенмен, банктер тым жоғары пайыз белгілеу арқылы қосымша тәуекелдерге барса, олардан арнайы жарналар алынады. Яғни, қаржы тұрақтылығы бақылауда қалады.
ҚДКБҚ не істейді?
Қор енді мөлшерлемелердің шегін белгілеудің орнына, нарықта қалыптасқан орташа пайыздық көрсеткіштерді жариялап отырады. Яғни, салымшылар өз депозиттеріне ең тиімді пайызды таңдау үшін ашық ақпаратқа ие болады. Шетелдік депозиттерге қатысты шектеу сақталады.
Айта кету керек, бұл өзгеріс тек теңгелік депозиттерге қатысты. Ал шетел валютасындағы салымдар бойынша шекті мөлшерлемелер әлі де белгіленеді.