Депозитке кепіл беру қорының төлем резервінің көлемі ұлғайды

18 Мамыр 2022, 15:30
1248
Бөлісу:
Депозитке кепіл беру қорының төлем резервінің көлемі ұлғайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының  арнайы резервінде жинақталған қаражаттың көлемі жыл басынан бері 1,6%-ға ұлғайып, шамамен 864 млрд теңгені құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырар болсақ, ол 6,6%-ға өсті. Бұл туралы ҚДКБҚ Әдіснама және талдау басқармасы бастығының орынбасары Рузалия Гильмудинова мәлімдеді.   

«Қордың арнайы резервінің қаражаты депозиттер бойынша кепілдік берілген өтемді төлеуге арналған. Егер қатысушы банк барлық банк операцияларын жүргізу лицензиясынан айырылар болса, оның салымшыларына кепілді өтем осы арнайы резерв есебінен төленеді.  Қазіргі уақытта арнайы резерв 20 қатысушы банктің жарналары есебінен қалыптасады», - деді Рузалия Гильмудинова.

Банктердің жарналарынан басқа, арнайы резервті қалыптастырудың негізгі көздерінің бірі – инвестициялық табыс. Ол Қордың арнайы резерві мен меншікті активтерін инвестициялаудан түседі. 

Кепілдік берілген өтемді қамтамасыз ету үшін қосымша ретінде Қордың жарғылық капиталының 70%-ға дейінгі мөлшері пайдаланылуы мүмкін. 

Осылайша қалыптасқан резерв Қорға ислам банктерін қоспағанда, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру жүйесіне (ДКЖ) қатысушы банктердің салымшыларының депозиттерін кепілдендіруге мүмкіндік береді. Салымшылар ДКЖ қатысушы банктердің тізімімен Қор сайтында толығырақ таныса алады. Қор қаражатының тұрақты өсімі ДКЖ сенімділігін растай түседі, - деді Рузалия Гильмудинова.

 2022 жылдың 1 мамырына қарай ҚДКБҚ арнайы резервінде қатысушы банктердің жарналарының үлесі 377,1 млрд теңгеге жетті. Қордың жарғылық капиталының 70%-ын қосқанда, арнайы резервтің жиынтық көлемі тұрғындардың депозиттерінің 6,6%-ына тең. 

Қазіргі уақытта арнайы резервтің көлемі заңнамада белгіленген 5%-дық деңгейден жоғары және салымшылардың шоттарының 99,8%-ын толық көлемде қамти алады. Егер шет мемлекеттердің депозиттерді сақтандыру қорларындағы қаражат деңгейімен салыстырар болсақ, Қордың арнайы резервінің көлемі жеткілікті деңгейде және әлемдік практикаға сәйкес келеді, - деді Қордың талдаушысы Гильмудинова. 

Бұдан басқа, ҚР заңнамасында резервтік қаржыландыру бойынша қатысушы банктердің қосымша жарналары секілді көмекші шаралар қарастырылған. 

Салымшылар толыққанды ақпаратты 1460 тегін нөміріне қоңырау шалу арқылы біле алады. Сонымен қатар сауалдарын info@kdif.kz және kdif@kdif.kz пошталарына жолдауға немесе @kdif_ask Telegram-чатына сұрақ қоюларына мүмкіндіктері бар. Депозиттер бойынша кепілдіктер туралы барлық ақпараттар Қордың ресми сайтында, сондай-ақ Instagram және Facebook әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларында қолжетімді.

Өзгелердің жаңалығы