Үкімет денсаулық сақтау саласындағы қаржылық және әкімшілік процестерді толық цифрландыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) қызметін талдау қорытындысы бойынша белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қаржы министрлігінің мәліметінше, қазіргі таңда Қор мен Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелері бір-бірімен толық интеграцияланбаған. Бірыңғай пациенттер мен медициналық ұйымдар базасының болмауы қаржыны бақылауды қиындатып, қосарланған төлемдерге жол ашып отыр.
Осыған байланысты Премьер-министр Олжас Бектенов Қаржы министрлігінің базасында денсаулық сақтау жүйесінің барлық бизнес-процестерін біріктіретін бірыңғай цифрлық платформа құруды тапсырды. Бұл медициналық қызмет көрсетудің ашықтығын арттырып, қаражаттың мақсатты жұмсалуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Сонымен қатар, ӘМСҚ активтерін басқару және инвестициялық табыс алу тетіктері де қайта қаралады. Үкімет негізсіз қаржыландыруды тоқтатып, үнемделген қаражатты халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға бағыттауды көздеп отыр.
Реформалар аясында тарифтік саясатты оңтайландыру, бақылау тетіктерін күшейту және қаржы игеруге емес, тиімділікке негізделген ынталандыру жүйесін енгізу жоспарлануда.
Еске салсақ, бұған дейін Үкімет ӘМСҚ-ны Қаржы министрлігінің қарамағына бергені жайлы жаздық.
Белгілі болғандай, Мемлекет басшысының бюджет тәртібін күшейту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Үкімет медициналық қызметтерді қаржыландыру жүйесіне жүргізілген талдау нәтижелерін құқық қорғау органдарына жолдауды тапсырды.